Елорда еңсесін тіктеген егемендік мерекесі

Елорда еңсесін тіктеген егемендік мерекесі

фото: www.instagram.com

       Елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары басталып, қала келбеті мерекелік нақышқа ене бастады. Астана көшелерінде көк байрағымыз желбіреп, ғимараттар мен қоғамдық кеңістіктерде айтулы датаға арналған безендіру жұмыстары жүргізілуде.

       Мерекелік көңіл күйді айшықтайтын мемлекеттік тулар мен арнайы баннерлер қаланың әр аумағына орналастырылған. Ал заманауи цифрлық экрандарда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған бейнероликтер көрсетіле бастады. Атап айтқанда, тақырыптық көріністер қалалық 3D LED-экраннан, шолу дөңгелегінен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ғимаратының қасбетінен орын алған.

       Бұл бастамадан елорданың сауда орталықтары да шет қалған жоқ. Көпшілік жиналатын сауда орындарының ішкі экрандарында да мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздік тарихын дәріптейтін бейнематериалдар ұсынылуда. Осылайша, мерекелік безендіру қаланың әр бөлігінде біртіндеп көрініс тауып, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлауда.

       Айта кетейік, биыл, яғни 2026 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Бұл – азаттықтың ақ таңын қарсы алған халқымыз үшін тарихи маңызы зор мерейлі белес. Еліміздің ең қастерлі құндылығы – егемендікті ұлықтау мерекесі қарсаңында елорда төріндегі әрбір көк ту мен жарқын бейне азаттықтың бағасын, тәуелсіздіктің қадірін тағы бір еске салғандай.

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите