Сараман жолы-сан ғасырдың сыры

Сараман жолы-сан ғасырдың сыры

фото: Standard.kz

       Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты көлемді зерттеу еңбегі. Автор бұл кітабында қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезов пен оның ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің өмір жолын арқау ете отырып, өткен ғасырдағы қазақ қоғамының күрделі саяси-әлеуметтік кезеңдерін кеңінен зерделейді.

       Он тараудан тұратын еңбектің алғашқы бөлімдерінде Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитованың ауыр тағдыры, Жетісу өңірінің отарлануы, Азамат соғысы жылдарындағы алмағайып кезең мен қазақ зиялыларының ағарту саласындағы қызметі баяндалады. Сондай-ақ сталиндік қуғын-сүргіннің қасіреті, Фатиманың бес баласын аман сақтап қалу жолындағы жанкештілігі, Мұхтар Әуезовпен арадағы сыйластық пен өмірлік байланысы сөз болады. Осы тұста ұлы жазушының талай кедергі мен қудалауға қарамастан, қазақ әдебиетінің жауһары саналатын «Абай жолы» эпопеясын дүниеге әкелу жолындағы еңбегі де кеңінен қамтылған. Кейінгі тарауларда шығарманың орыс тіліне аударылуы, жазушының Мәскеудегі қызметі, елге оралғаннан кейінгі жемісті кезеңі және Мұрат Әуезовтің ғылым мен мәдениетке бет бұрған жастық шағы суреттеледі.

       Кітаптың келесі бөлімдері Мұрат Әуезовтің қоғамдық және шығармашылық қызметіне арналған. Атап айтқанда, оның бастамасымен құрылған «Жас тұлпар» ұйымының тарихы, Мәскеу мен Ленинградта білім алған қазақ жастарының ұлттық рухты жаңғырту жолындағы ізденістері баяндалады.

       Академик Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл еңбекті әзірлеу барысында мол мұрағаттық деректерге сүйеніп, үш жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізген. «Сараман жолы» 2023–2026 жылдар аралығында «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдарында, «Жұлдыз» журналында және бірқатар ақпараттық платформаларда жарияланып, оқырман қауымның ықыласына ие болды. Туындының құндылығы – әйгілі тұлғалардың өмірбаянын баяндаумен шектелмей, олардың тағдыры арқылы ұлттың тарихи жадын, рухани сабақтастығын және күреске толы кезеңдердің шындығын танытуында. Бұл – өткенді танып, бүгінгі ұрпаққа тағылым ұсынатын салмақты еңбек.

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите