Қазақстанда 16 жасқа дейінгі баланың жеке басын нақты қалай анықтау керек екені талқыланып жатыр. Оның бір нұсқасы ретінде фотосурет пен сәйкестендіру деректерін пайдалану ұсынылды. Осы мақсатта туу туралы куәлікке өзгеріс енгізілуі мүмкін бе деген мәселе бүгін Құрылтайдағы үкімет сағатында талқыланды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл мәселені депутат Екатерина Смышляева көтерді. Оның айтуынша, куәлік баланың туылғаны туралы мәліметті растағанымен, құжаттың нақты сол балаға тиесілі екенін анықтау қиынға соғады.
"Қазір бізде фотосуреті бар құжат - баланың паспорты бар, оны ата-аналар әдетте шетелге шығу үшін рәсімдейді. Әділет министрлігі туу туралы куәлікке баланың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді қосуды жоспарлап отыр ма? Әлде бұл жерде басқа құжат немесе сәйкестендіру тетігі туралы сөз болып отыр ма?" - деп сұрады Смышляева.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені пысықтау үшін комиссия құрылып жатқанын хабарлады.
"Мәселенің күрделілігі биометрияны қолдануға және балалардың дербес деректерін қорғау туралы заңнама талаптарына байланысты. Баланы сәйкестендіру үшін оның фотосуреті мен сәйкестендіру мәліметтерін пайдалану нұсқасы қарастырылып жатыр", - деді Сүлейменова.
Әділет министрлігі не деді?
Әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов куәлік бала туу туралы медициналық анықтама немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімі негізінде берілетінін түсіндірді. Құжатты рәсімдеу кезінде уәкілетті органдар баланың жеке басын анықтамайды, ал қызметті баланың қатысуынсыз-ақ алуға болады.
"Куәлік мазмұнына қойылатын қолданыстағы талаптарда баланың фотосуретін орналастыру қарастырылмаған", - деп атап өтті Жарылғанов.
Ол сәйкестендіру әдісін таңдау кезінде баланың сырт келбетінің тез өзгеретінін ескеру қажеттігін де қоса кетті.
"Егер баланы денсаулық сақтау ұйымында суретке түсіру туралы шешім қабылданса, өмірінің алғашқы жылдарында оның түрі өзгеретінін ескеру керек. Сондай-ақ техникалық мәселелер де бар", - деді вице-министр.
Үкімет сағатында нақты қандай құжат немесе тетік таңдалатыны туралы айтылған жоқ.
2022 жылы Смышляева балаларға туған бойда ЖСН беруді ұсынған болатын. Сол кезде депутат бұл бастаманы нәрестелерді қылмыстық схемаларға араластырудан қорғау қажеттігімен түсіндірген. 2023 жылдың шілдесінде ІІМ бала туғаннан кейін бірден ЖСН беру бойынша пилоттық жобаның іске қосылғанын хабарлады.
Материал Tengrinews.kz сайтынан алынды.