Парламент мәжілісінің жалпы отырысында көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Негізі Заң жобасы 2021 жылғы 24 ақпанда мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.
"Заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу. Сайлаушылар жиі көтеретін тақырыптардың бірі – осы көрнекі ақпараттағы қазақ тіліндегі жазылатын мәтіннің сауатсыздығы, кейбір жағдайда тіпті қазақ тілінде мәтіннің болмауы. Осыған байланысты нақты талаптар енгізілді", – дейді депутат Берік Әбдіғалиұлы.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:
- әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын мемлекеттік тілде жазуға;
- мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазуға;
- жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазуға;
- хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс немесе басқа да тілдерде орналастыруға бағытталған түзетулер енгізді.
"Бұл түзетулер қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген қазақ тілінің мәртебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады. Осы ұсыныстар әрбір азаматтың, әсіресе кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймыз", – деді депутат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через