фото: https://www.istockphoto.com
Домофонға ай сайынғы төлем мәселесі көппәтерлі үйлердің тұрғындары арасында жиі даулы мәселеге айналып тұрады. Тұрғындардың пайымынша, есікті орнату кезінде жабдықтың құны төленгендіктен, одан кейінгі алымдар заңсыз. Сондықтан осы және басқа да сұрақтарға Ақмола облысының адвокаттар алқасының қорғаушысы Нұрлан Жаңабаев жауап берді.
Адвокаттың айтуынша, ай сайын домофонға төлем алу заңды, бірақ тиісті жағдайларды ескеру керек.
– Домофонды орнату үшін ақы алу - ол бір реттік төлем. Ай сайынғы төлем қызмет көрсетуге алынады. Егер пәтер немесе тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі мен домофон компаниясы арасында қызмет көрсету шарты жасалса, онда мұндай төлемдер заңды. Бұл жағдай ҚР Азаматтық кодексінің 380 (шарт жасасу еркіндігі) және 387 (жария шарт) баптарына сәйкес келеді, - деп түсіндірді Нұрлан Жаңабаев.
Сонымен қатар егер тиісті келісімшарт бекітілмесе немесе меншік иесі оған қол қоймаса, ай сайынғы төлем талабы негізсіз деп танылуы мүмкін.
Ай сайынғы төлемге не кіреді?
Атап айтқанда, абоненттік төлем мыналарды қамтиды:
– жабдыққа техникалық қызмет көрсету;
– профилактика және жөндеу жұмыстары;
– электронды кілттер мен кодтарды ретке келтіру;
– анықталған ақауды жою.
Домофон істен шықса, төлеу керек пе?
Адвокаттың сөзіне қарағанда, егер домофон бойынша қызмет көрсету туралы келісімшарт болса, онда тұрғындар төлем жасауы тиіс. Заң бойынша бұзылу фактісі емес, жабдыққа қызмет көрсету ақысы төленеді.
– Егер компания іс жүзінде қызмет көрсетпесе және пәтер иелерінен келіп түскен өтінімдерге жауап бермесе, онда тұрғындар төлемді қайта есептеуді немесе келісімшартты бұзуды талап етуге құқылы, - дейді заңгер.
Қызметтен бас тартуға бола ма?
Адвокаттың сөзінше, егер қызмет қосылған болса және шарт бұзылмаса, онда домофонды пайдаланудан бас тарту фактісінің өзі төлемнен босатпайды. Бұл ретте, меншік иесінің ҚР Азаматтық кодексінің 404-бабының негізінде қызметтен біржақты тәртіпте бас тартуға құқығы бар. Бас тарту талабы жазбаша түрде ресімделіп, қызмет көрсететін компанияға жолдануы тиіс.
Адвокат мына алгоритм бойынша әрекет етуді ұсынды:
– қызметтен бас тарту және шартты бұзу туралы жазбаша өтініш жіберу;
– қызмет көрсететін компаниядағы кіріс хаттың нөмірін анықтап алу.
Егер келісімшарт бұған дейін жеке жасалса, онда бүкіл көпқабатты үйдің тұрғындарынан қолтаңба жинау қажет емес.
– Сондай-ақ компания домофон «тұтқасын» өшіруге құқылы екенін, бірақ тұрғын үйдің кіреберісін, яғни өз үйіңе кіруді шектеуге құқығы жоқ екенін ескеру қажет. Бұл тұрғыда үйдің кіреберісін бұғаттау пәтер иесінің ортақ мүлікті пайдалану құқығын бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін, - деді ол.
Жөндеу жұмыстарын кім төлейді?
Егер қызмет көрсету шарты бұзылса:
– домофонды жөндетуге өтінім берген адам төлейді;
– немесе жалпы жиналыс болса, мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) ақысын өтейді;
– сондай-ақ мамандарды шақыртқан нақты бір тұрғындар төлейді.
Егер тараптар арасында қызмет көрсету шарты болмаса, домофон компаниясы жөндеу үшін ақы талап етуге құқылы емес.
Адвокаттың айтуынша, домофон жалпы жиналыстың шешімімен орнатылып, үйдің балансына берілсе, ол ортақ мүлік ретінде саналады. Ал оны күтіп ұстау шығындары меншік иелерінің барлығына бірдей бөлінеді.
Егер домофон жабдықтары қызмет көрсететін компанияға тиесілі болса, ол жалпы тұрғын үй мүлкіне жатпайды.
Домофон компаниясын ауыстыруға бола ма?
– Әрине, ауыстыруға болады. Ол үшін меншік иелерінің жалпы жиналысын өткізіп, шартты бұзу және жаңа компанияны таңдау үшін кемінде 51% дауыс жинау керек. Содан кейін хаттама ресімделеді де, компанияға ескерту жолданады. 51% дауыс жиналмаса, қызмет көрсететін ұйым бұл шешімге қарсы уәжін айта алады, - деп түсіндірді Нұрлан Жаңабаев.
Қайда шағымдану керек?
Атап айтқанда, тиісті келісімшарт рәсімделмесе, керек емес қызметтерді ұсына берсе, сондай-ақ нақты көрсетілетін қызметтер шарт талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, онда домофонға қызмет көрсетуге есептелген төлемдерге тұрғындар қарсылық білдіре алады.
Орын алған жағдайға байланысты тұрғындар шағымдана алады:
– әкімдіктің тұрғын үй инспекциясына;
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне;
– тұрғындарға қоқан-лоқы көрсеткен кезде прокуратураға арыздануға;
– қаражатты қайта есептеу және қайтарту үшін сотқа жүгінуге құқылы.
Мемелекеттік органдардың ұстанымы
Бірнеше жыл бұрын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен бірлесіп тиісті түсініктеме берген еді. Осы орайда домофонды орнату және қызмет көрсету мәселелері меншік иелерінің ұжымдық шешіміне жататыны айтылды.
Жабдықтарды күтіп ұстау, қызмет көрсететін ұйымды таңдау және төлем шарттары (оның ішінде істен шыққан жағдайда абоненттік төлемнен біржолғы төлемге көшу) мәселелерін меншік иелері көпшілік дауыспен қабылдайды.
Бұл ретте домофонды орнату және оған қызмет көрсету әртүрлі қызмет ретінде саналады. Сондықтан бір жылдан аспайтын мерзімге жеке шарттармен ресімделуге тиіс.
Заңнама талаптарының орындалуын бақылауды тұрғын үй инспекциясы жүзеге асырады. Ал таңдауға мүмкін бермейтін немесе керек емес қызметтерді ұсына беретін домофон компанияларының әрекеттеріне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі баға береді, яғни компаниялар тарапынан өздерінің үстем жағдайын теріс мақсатта пайдалану іс-қимылдары тексеріледі.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через