"Шеттен әкелінетін киімнен шаршадық"
Бұл мәселе жөнінде драматург Сая Қасымбек те фейсбук желісіндегі парақшасында өз еліміздегі барды ұқсата алмай, өзгенікіне қызыға қарап отырғанымызды ашына жазады.
–Күзге қарай əйел халқы үшін сапырылысқан мəселелердің бірі – сыртқы киім. Қайсы бір мемлекет болмасын, əйелдерінің киімінен əлеуметтік деңгейін бағамдап отырғаны белгілі. Əйтсе де, қоғамдағы ұлттық нақыштағы сəнді киінген əйелдің келбеті көз қуантады. Шеттен келетін денеге қонымсыз жеңіл сырт киімнен шаршағанымыз қашан?! Қыстық киімді сырттан әкелінгенінен таңдап алармыз-ау, қоңыр күзде желбегей киетін, ұлттық нақыштағы сырт киімді мүлдем таппаймыз.
Əйел болған соң, ұлттық нақыштағы дизайнды киім кигің келеді. Біздегі ұлттық бешпенттер мен камзолдар тек велюр матасынан екі өңіріне оқа төгілген бір ғана стилде жасайды. Апыр-ау, не көп – мата көп?! Тіптен, үндестіктегі екі түсті матадан оюын келтіре отырып, қиыстырып, əсем киім тігуге болады ғой?
Соңғы сəннен еуропаның сəнқой əйелдерінің сырт киімдерінде көбіне кəдімгі қошқар мүйіздің қолданатынын байқадым. Əсіресе, француз əйелдерінен көп көресің. Ықшам. Сәнді. Күнделікті кигенде әйелге көрік беріп тұр.
Демек, солай тігуге болады ғой? Бізде ше?! Арнайы дизайнын жасағаны үшін, киімге қоса "терісі" қоса сыпырылып қалардай удай қымбат. Қанша қызықсаң да, қалтаң көтермейді.
Тойға деген ұлттық киімді де қырғыздардан аламыз
Қазір этнодизайн сәннің бағытын өзгертті. Бұрын қазақы ою-өрнек салынған киімдер тек қазақтың той-томалағында пакетке салынып, қолдан қолға өтіп жүретін. Гүлмәрия Барманбекованың айтуынша, қырғыздар сол киімдерді пакеттен шығарып, замануи үлгіде тігіп, бізге сатып, қызығын көріп жатыр.
– Баяғы заманның қазақтары киген желбегей бешпет пен қапсырма шапанды, қабадай қалпақты, сүйретілген қосетек көйлекті мына заман адамдарына мылтық кезеп тұрып кигізе алмайсың. Өйткені тұрмысқа қолайсыз. Кестеленген шапандар мен қалпақтар, бешпет, көкірекше-жилеткалар көбінесе қолдан-қолға өтіп, той аралап жүріп кірлейтін сый-сияпат бұйымдарының немесе сахна киімдері түрінде ғана қалған. Кейбір аймақтарда жекелеген кемпір-шалдарды болмаса, күнделікті тұрмыста ұлттық киім киген адамдарды сирек кездестіресіз.
Жұрт кигісі-ақ келеді. Бүгінгі тұрмысқа бейімделген,бояуы айшықты ұлттық киімдер жоқтың қасы. Неге? Мұндай киім тігу оңай емес. Ол шығармашылық ізденісті, бас қатырып ойлануды, талмай еңбектенуді, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға деген жанкешті ұмтылысты талап етеді. Осыншама еңбекпен өндірілген өнімнің құнының арзан болмайтыны анық. Ал халықтың қалтасы тесік. Кәсіпкерге тез тігіліп, тез сатылатын табыс көзі тиімді.
Біз ойланып жүргенде, қырғыздар әлемдік аренаға шығып кетті
Бұл мәселеде қырғыздар жарап тұр. Киімге ою-өрнек кестелеп әуреге түспей-ақ кәдімгі шыт, бөз, кендір, атлас матаның қиығынан түсін үндестіре этнодизайнмен құрап, заманауи үлгідегі сырма бешпеттер, желеткелер, белдемшелер тігіп жатыр. Ауа өткізеді, сәнді, ыңғайлы. Көрген жан қызығарлықтай.
Тіпті сол құрақ киімдерімен халықаралық аренаға шығып кетті. Біздің дизайнерлер әрі кеткенде заманауи үлгідегі киімге ұлттық ою-өрнектерді кестелеуден басқа ештеңе ойлап таба алған жоқ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через