Шаштараз бен сұлулық салондарындағы қызмет құны 12 пайызға өсті

Шаштараз бен сұлулық салондарындағы қызмет құны 12 пайызға өсті
фото: pixabay.com

Қазақстанда шаштараз бен сұлулық салондарындағы қызмет құны 12 пайызға өскен. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталының тілшісі 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Finprom.kz ақпаратына сүйенсек, әсіресе тырнақ бояу мен шаш қию бағасы көтеріліпті. Мысалы, ерлердің шашын қию құны 16,2 %-ға өссе, қыз-келіншектердікі 10 %-ға көтерілген. 
Демек, азаматтар орташа есеппен 2 600 теңгеге, ал әйелдер 4 мың теңгеге шашын қысқартады. 

Айта кетейік, сұлулық салондардағы баға өсімі әсіресе Ұлытау облысында байқалған. Одан кейін Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары тұр. 

Ал тырнақ күтімін жасап нәпақасын тауып жүрген Балғын Садақбаева қызмет құнының өсуіне құрал-жабдықтар мен жалға алған орынның қымбаттауы себеп дейді. Бірақ соған қарамастан сұраныс жоғары екен. 

"Бізде материалдың бағасы ай сайын көтеріліп отырады. Сол үшін де біз кішкене қосамыз. Мен өзім 10 пайызға көтердім. Мысалға алдыңғы жылы 5 мың болса маникюр, биыл 6 мың. Бұл тек бір жылға. Ал материал бағасы ай сайын өзгереді. Одан бөлек, жарыққа, суға төлейміз. Ол үшін де көтеріледі", – деді nail шебері Балғын Садақбаева.