фото: Baidos Bekadilov/in.pinterest.com
Қазақтың ұлттық киімдері соңғы уақытта сән әлемінде қайта жаңғырып, үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ерекше стильді бағалайтын қазақстандықтар қазір камзол, шапан, малақай мен тымақты таңдайды. Өткен тарих пен бай мәдениетіміздің жауһары тіпті әлемдік подиумдарды да бағындырып жатыр екен.
Ұлттық киімдеріміздің сәнге айналу сыры неде?
Дизайнер Ирина Набоконың сән үйінде дәл қазір ұлттық нақыштағы киімдер топтамасы тігіліп жатыр. Осы туындылар арқылы ол жуырда Парижді бағындырмақ. Оның айтуынша, франциялық әйелдер қазақы нақыштағы киімдерді ерекше бағалайды екен.
Таза былғарыдан тігілетін ұлттық бас киімдеріміз де бүгінде жоғары сұранысқа ие.
Дизайнерлер оларды дайындау үшін арнайы қос инелі тігін машинасын қолданады. Тек сонда ғана жолдары тегіс, ал ілмектері үйлесімді шығады дейді олар. Сапалы тымақ немесе малақай 40 мың мен 100 мың теңге аралығында сатылады. Әрі бірнеше қысқа шыдайды.
Ирина Дубинина, дизайнер: — Біздің қазақстандықтар түлкіден тігілген бас киімдерді дайды. Соңғы уақытта қасқыр терісінен жасалған туындыларға да сұраныс жоғары. Шетелдік клиенттеріміз де өте көп.
Сән мен сапаны таңдайтын іскер әйелдер тарапынан ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарға да қызығушылық артып келеді. Ал ою-өрнекпен безендірілген сөмкелерді туристер сыйлық ретінде талап әкетеді екен.
Әсел Қалиева, дизайнер: — Қазір қыздар шопперді көптеп алады. Мұндай бұйымды тіккенде ертеде қазақ әйелдерінің киімдерінде қолданылған ою-өрнек пайдаланамыз.
Қазақы нақыштағы киімдерді дәріптеуге Ұлттық құрылтайда Президенттің өзі шақырған болатын. Елімізде ұлттық киім күнінің пайда болуы да тегін емес. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев «бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі, өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық» деп атап өткен-ді. Бұл пікірмен келіспеске болмайды.
Материал ktk.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через