Ұқсас мақалалар
Бүгінгі таңда білім - мемлекет дамуының алтын арқауы. Болашақта мемлекеттер арасындағы бәсеке спорт, білім, денсаулық деңгейі бойынша ғана анықталып қоймай, халықтың компьютер сауатымен, жаңа технологияны енгізу қарқынымен өлшенетін секілді. Себебі санды технологияға көшу әлемдік ауқымдағы трендке айналды. Дамыған елдің барлығы цифрлық саясатты қолға алып, даму қарқынын арттыруға күш салып жатыр. Ал Қазақстанда бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлінген.
Қазір еліміздегі 170-тей жоғары оқу орнында ақпараттық технология мамандары дайындалады.
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын отандық ЖОО мен колледждерді шамамен 19 мың ақпараттық технология маманы бітіріп шығады екен. Алайда елдің цифрлық экономикасын дамыту үшін бұл көрсеткіш аздық етеді.
Мәжілісмендердің айтуынша, ақпараттық қауіпсіздік саласына тиісті көңіл бөлінбей келеді. Мұнда маман тапшы, қаражат та жетіспейді. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған "АМАНАТ" партиясы фракциясының өкілдері осылай деп дабыл қақты.
"Жақында ақпараттық жүйелерімізге жүйелі түрде жасалған сыртқы кибершабуылдардың куәсі болдық. Олар жеке пайдаланушыларға да, жалпы мемлекетке де елеулі зиян келтіреді. Ал бізде ақпараттық қауіпсіздік саласына тиісті көңіл бөлінбейді. Іс жүзінде бірқатар шешілмеген мәселелер бар", – деді депутаттық сауалмен таныстырған "АМАНАТ" партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева.
Әңгіменің әлқиссасы салаға қаражаттың аз бөлінуіне сайып келеді. IT-ге қарастырылған шығындардың жалпы құрылымында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қаржы үлесі мардымсыз. Біздің елде шамамен 1% ғана екен. Ал АҚШ, Малайзия, Сингапур сияқты дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 10%-дан жоғары.
"Екіншіден ақпараттық қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау саласындағы реттеушінің ресурстары шектеулі. Бүгінгі таңда 32 мыңнан астам ақпараттандыру нысанын министрліктің 5 қызметкері бақылайды. Әрбір нысанды кем дегенде бір рет тексеру үшін 400 жыл қажет болады", – деді спикер.
Болжам бойынша, салаға 10 мыңға жуық маман қажет. Қазір тек 2 мың адам ғана жұмыс істейді. Сондықтан фракция мүшелері аталған мәселені шешу үшін цифрландыруға және ІТ секторды дамытуға жұмсалатын шығынды 10%-ға дейін ұлғайтуды ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Астанада өткен «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында ІТ нарықтағы мамандар тапшылығы мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жеткен. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш осылай өсе бермек.
"Аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болады. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойдық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында сөйлеген сөзінде.
Кеңес Одағы заманында жеткіншектер ғарышкер болуды армандайтын. Ал бүгінгі балалардың инновация мен технология тілін түсінетін маман атануға тырысқаны абзал. Солардың арасынан озық, IT маманы шықса, олар бұл саланың дамуына өз үлесін қосса, цифрлық экономиканы ілгері жүргізсе, кім біледі, бәлкім, Қазақстан расында болашақта мемлекеттер арасындағы басты бәсекеде «жүзден жүйрік» шығып қалар.
Фото: s-proms.ru, storm100.livejournal.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через