Қаражатты ақылмен басқару – молшылықта және болашаққа деген сеніммен өмір сүрудің басты кепілі. Дегенмен көбіміз ақша жинауда және үнемдеуде қиналып жатамыз. Бүгінгі материалымызда қаржыны қалай тиімді сақтауға әрі еселеуге болатыны жайлы айтып бермекпіз.
Қаражат жинауды үнемдеуден бастаңыз
Мамандар үнемдеудің кез келген түрі жеке қаржыны бақылаудан басталады дейді. Ең дұрысы арнайы қойың дәптер арнап, шығындар мен кірістерді ретке келтіріп, жазып отырған абзал. Осылайша, қаражатыңыздың көп бөлігі қайда жұмсалып жатқанын көріп, қай бөлігін үнемдей алатыныңызды анықтай аласыз.
Қаржы сарапшылары табыстың 10-20 пайызын жинаққа салып отыруға кеңес береді. Осы орайда жеке шот немесе карта ашып, онда жалақыңыз, қосымша жұмысыңыз немесе бизнестен түскен қаражаттың бір бөлігін аударып отыру тиімді болмақ. Әрине, нақты қандай көлемде ақша аудару әркімге байланысты. Бастысы, кірісті үнемдеп, табыстың бір бөлігін жинауды әдетке айналдыру маңызды. Сондықтан тұрақты түрде аударым жасап отыруды ұмытпау қажет.
Ақшаны үйде жинау
Қаражатты сандықшаға салу қай кезде де ақша жинаудың қарапайым әдісі ретінде саналған. Өйткені бұл үшін тек сандықша мен қаржы жинауға деген құлшыныс жеткілікті. Қажет деп тапсаңыз, табысыңыздың бір бөлігін, бұл көп десеңіз, қолыңызға түскен тиын-тебенді сандықшаңызға салып отыру, ақша жинау дағдысын қалыптастырады. Алайда үйде сақталатын ақша инфляцияға ұшырайтынын ұмытпаған жөн. Сонымен қатар қаражат жинаудың бұл түрі сыртқы факторлардан қорғалмағанын ескеріңіз. Бұл ретте жинағыңыздың басты мақсатын анықтап алған аздық етпейді.
“Төрт конверт” және “алты құмыра” әдістері
“Төрт конверт” жүйесі бойынша жалақыңыздың 10%-ын міндетті шығындар мен инвестицияға қалдырып, қалған қаражатты төртке бөлесіз. Бұл – әрбір аптадағы шығындарға (азық-түлік, жол ақысы, басқа да қажеттіліктер) арналған сома. Егер ақша артылса, оны келесі аптаға қалдыруға немесе жинаққа салуға болады. Бұл тәсіл айдың соңында құр алақан қалмауға сеп болары анық.
Осы секілді қаржы жинаудың тағы бір қолайлы жолы – “алты құмыра” техникасы. Бұл әдіс бойынша айлық бюджетіңіз алтыға бөлінеді. Біріншісі – міндетті шығындар, оған әдетте жалақының 50-55%-ы кіреді. Екінші бөлігі– бағалы заттарды сатып алуға арналады, бұған айлық табыстың 10%-ынан жоғары сома жұмсамауға тырысу қажет. Үшіншісі – ертеңгі күннің қамы үшін сақталатын қаражат, бұл жалақыңыздың тағы 10%-ы. Төртіншісі – ойын-сауық, мейрамдарға сыйлық алуға арналған ақша (10%). Бесінші бөлігін инвестицияға арнаңыз, бұл соманың 10%-ы. Ал қалған 5%-ын қайырымдылыққа жұмсасаңыз болады. Әркімнің табысы мен қажеттіліктеріне қарай “құмыралар” саны өзгеріп отыруы мүмкін.
Бағалы қағаздарға инвестиция жасау
Қаражатты жинап қана қоймай, ұлғайтудың тағы бір тәсілі – бағалы қағаздарға инвестиция құю. Тәуекелшіл адам болсаңыз, табысыңыздың бір бөлігін қор нарығына инвестициялаңыз. Бағалы қағаздарға жасалған инвестиция ұзақ мерзімді қаржы жинаудың әдісі екенін ұмытпаңыз.
Қор нарығында кез келген адам құнды қағаздарға ақша құя алады. Алайда бұл үшін арнайы білім мен сауаттылықтың болғаны абзал. Инвестициялауды тіпті 5000 теңгемен бастауға болады. Ал тәжірибе жинақтай келе, бұл соманы көбейте аласыз. Құнды қағаздарға инвестиция жасайтын қаражатыңыз қарызға алынбаған болғаны шарт. Сонымен қатар бұл ақша алдағы 6-12 жылда сізге қажет болмауы тиіс.
Депозитте қаражат жинау
Депозит тек қалталы азаматтарға арналған банк қызметі деген – жалған түсінік. Еліміздің кез келген тұрғыны депозит ашып, қаражат жинай алады. Осы орайда қолма-қол ақшаны үйде сақтаудан гөрі салынған қаржы пайыздық өсім түрінде табыс әкелетінін ескеріңіз. Сондай-ақ банктегі қаражатыңыздың қауіпсіздігі үшін де алаңдаудың қажеті жоқ.
Бүгінде екінші деңгейлі қазақстандық банктер депозиттің үш түрін ұсынады: мерзімсіз, мерзімді, жинақтау. Мақсатына байланысты олардың әрқайсысының өз алдына ерекшеліктері бар. Мәселен, мерзімсіз депозиттегі қаражатты алдағы уақытта қажет болған жағдайда еш кедергісіз шығарып алуға болады. Ал мерзімді депозиттердің шарттары бойынша азамат көрсетілген уақыт аралығында өз жинақтарын пайдалана алмайды. Ал жинақтау депозиттері әлдеқайда жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынады.
Атап өтерлік жайт, қаражат салмас бұрын, банктердің рейтингіне назар аударған жөн.
Тұрғын үй депозиті
Елімізде тұрғын үй депозиттерін “Отбасы банкінде” ашу қарастырылған. Мұндай депозиттердің бір артықшылығы – көрсетілген мерзім аясында тиісті қаражатты жинап, барлық шарттарды орындаған жағдайда банктен еліміздегі ең төменгі мөлшерлеме бойынша заем рәсімдеу мүмкіндігінің болуы. Бұған қоса “Отбасы банкіндегі” әрбір жинаққа жыл сайын депозит бойынша 2%-дық сыйақы мен 20% көлемінде мемлекеттік сыйлықақы аударылып отырады. Ал армандаған үйге тезірек қол жеткізу үшін салымшылар өздерінің жинақтарын “Отбасылық пакетке” біріктіре алады.
Банк салымшылары барлық шарттарды орындаған жағдайда мына тұрғын үй бағдарламалары бойынша баспана сатып ала алады:
- “Шаңырақ”, мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап);
- "Бақытты отбасы", мөлшерлемесі – 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап);
- "Өз үйім", мөлшерлемесі – 7%, кейіннен мөлшерлеме 3,5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ - 3,6%-дан бастап);
- "Алматы жастары", мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап);
- "Елорда жастары", мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап);
- "Ұмай" (әйелдер ипотекасы), мөлшерлемесі – 13,5% (ЖТСМ - 14,5%-дан бастап), кейіннен 5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ 5,2%-дан бастап)
- “Әскери баспана”, мөлшерлемесі – 3,5-8% (ЖТСМ - 3,6%-дан бастап)
Сондай-ақ, “Отбасы банкінде” балаларға арналған екі депозит қарастырылғанын айта кеткен жөн.
Үлкен іс кішкентай қадамдардан басталады. Әрине, қаржы жинауға бірден кірісіп кету оңай емес. Алайда аса маңызды емес шығындардан бас тартып, қаражат жинасаңыз, жоспарлаған дүниеге тезірек қол жеткізуге болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через