Автокөлік иелеріне арналған жаңа мүмкіндіктер

Автокөлік иелеріне арналған жаңа мүмкіндіктер
фото: www.arnapress.kz

       Енді елімізде автокөлікті тіркеу, техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру, сондай-ақ азаматтар арасындағы көлік сатып алу-сату рәсімдері электронды түрде жүзеге асырылады. Қызметтер eGov.kz  порталы мен eGovMobile мобильді қосымшасы арқылы қол жетімді.

       Алдымен, ресми дилерден сатып алынған жаңа автокөлікті тіркеу жайына тоқталайық. Енді Қазақстанда өндірілген көліктерді бастапқы тіркеуден өткізу онлайн жүзеге асады. Қазіргі таңда бұл мүмкіндік еліміздегі 100-ден астам ірі дилерлік орталықта бар. Сатып алушы автосалонда көлікті таңдап, сатып алу-сату шартын жасайды. Одан кейінгі тіркеу рәсімі қашықтан орындалады, яғни қайтадан автосалонға барудың қажеті жоқ.

       Дилер өтінім жолдаған соң, сатып алушының жеке кабинетіне немесе мобильді қосымшаға хабарлама келеді. Пайдаланушы деректерді тексеріп, мемлекеттік тіркеу нөмірін таңдайды және өтінімді растайды. Қызмет көрсету мерзімі – екі сағатқа дейін. Дайын құжаттар мен нөмірлік белгілер мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан беріледі.

       Сонымен қатар, меншік иесі өзгермеген жағдайда техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру да онлайн форматта қолжетімді. Жүйе көлік құралының айыппұлдары мен өзге де шектеулерін автоматты түрде тексереді. Егер қандай да бір кедергі болмаса, қызмет бір сағат ішінде көрсетіледі. Ал шектеулер анықталған жағдайда азаматтар мамандандырылған ХҚКО-ға жүгінеді.

       Тағы бір маңызды жаңалық – енді жеке тұлғалар арасындағы автокөлікті сатып алу-сату шарты да электронды түрде рәсімделеді. Бұрын мұндай мүмкіндік жекелеген банктердің сервистері арқылы ғана ұсынылса, енді бұл қызмет мемлекеттік деңгейде бір іздендіріліп отыр. Бұл – мәмілені қауіпсіз, ашық әрі ыңғайлы жасауға жол ашады.

       Жаңарту Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл қадам азаматтар мен бизнес өкілдері үшін уақытты үнемдеп, тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.

       Осылайша, цифрлық қызметтер көлік тіркеу үдерісінің толық циклін қамтып, мамандандырылған ХҚКО-ларға бару қажеттілігін едәуір азайтады.