фото: https://www.standard.kz/kz
Құрметті "Сапалы Қазақстан" порталының оқырмандары мен серіктестері! (www.standard.kz)
2024 жылы 7 сәуірде біздің порталдың Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен мемлекеттік тіркеуден өткеніне (07.04.2021 жыл Нұр-сұлтан қаласы № KZ 96VPY00034094 мерзімді баспасөз басылымы, ақпараттық агенттік және желілік басылымын есепке қою туралы куәлігі) 3 жыл болады.
Бұл баспасөз тарихында жаңа ақпараттық ресурстың қалыптасу кезеңі. Өткен үш жыл ішінде біздің ұжым "Сапалы Қазақстан" порталын құру және дамыту бойынша қарқынды жұмыс жасады. Мен бұл қадамды жаңа БАҚ-тың бас редакторы ретінде ғана емес, сонымен қатар сапа менеджменті саласындағы сарапшы ретінде, осы уақытқа дейін сапа менеджменті жүйелері саласында 30 жылдан астам жұмыс атқарған, сонымен қатар халқымыздың өмір сүру сапасына бей-жай қарамайтын Қазақстан Республикасының азаматы ретінде біздің еліміз үшін өте маңызды деп санаймын. "Сапалы Қазақстан" порталының атауын таңдау өте батыл шешім болды, өйткені "сапа" ұғымы адам өмірінің кез келген аспектілеріне қатысты өте көп қырлы болып келеді. Осыған байланысты өмір сапасы туралы түсінік пен түйсікті ояту, оған қадам жасаудың өзі күрделі жұмыс.
Өткен кезең портал редакциясы үшін аса маңызды болды. Өйткені біздің алдымызда жаңа ақпараттық ресурстың тұжырымдамасын, стратегиясын және мақсатын айқындау міндеті тұрды. Әрі қарай ақпараттық құрылымды қалыптастыру және ақпаратпен толықтыру науқанды жұмысы басталды. Әрине ақпараттық портал жұмысы ақ қағаздан басталған жоқ, оның алдында 2002 жылдың қыркүйегінен бастап мерзімді басылым - "Сапа әлемі" газеті жарық көріп келген болатын.
Қорытынды: Үстіміздегі жылы біз қазақстандықтардың ұлттық сапа идеясына қатысты дұрыс дүниетанымын қалыптастыру мақсатында жұмысты жалғастыратын боламыз. Осыған байланысты "Сапалы Қазақстан" порталына ақпараттық платформаны дамыту өте маңызды(www.standard.kz). Ол үшін біз барлық мүдделі мекемелер және жекелеген тұлғалармен тығыз байланыс орнатуға ниеттіміз. Ортақ мақсат пен ортақ пікірдегі мыңдаған адамдардың атсалысуымен біз қазақстандықтардың ұлттық мүдделеріне сай келетін аса маңызды тағылымдық ресурсты қалыптастыратын боламыз.
Біз "өмір сапасын" қалай түсінеміз? Википедия да берілген анықтамаға сәйкес "өмір сапасы" – бұл адам өмірінің барлық аспектілерін қамтыйтын, оның ішінде материалдық, рухани және әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру деңгейін, интеллектуалды, мәдени және физикалық даму деңгейін, сондай-ақ адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету дәрежесін сипаттайтын тәрбиелік ұғым".
Бүгінде "сапа" сөзі бизнесте, қоғамдық өмірде болсын ең көп қолданыста. Іс жүзінде бұл термин өмірдің кез-келген саласымен байланысты. "Сапа" ұғымы тауар, қызмет түрлері, тұрғын үй, тұрмыстық техника, тағамдар мен ауылшаруашылық өнімдері, тіпті ауа мен суға да қатысты. Мемлекеттік, білім беру, медициналық, көлік, қаржы, жылжымайтын мүлік, заңгерлік, туристік, ақпараттық және басқалар сияқты сервистік ұйымдардан алатын әртүрлі қызметтердің сапасын қалай қарастыруға болмайды?! Бұл провайдерлердің барлығы өз тауарлары мен қызметтерін жақсы жарнамалайды. Шынтуайтына келгенде, керісінше жағдайларды жиі кездестіреміз. Кез-келген кәсіпорын, әлде мекеме өз ортасында сапаны қалыптастыру үшін ұжым басшысы мен қызметкерлері ҚР заңдарын, стандарттарды, нормалар мен сапаны басқару ережелерін білуге міндетті.
Қорытынды: Біздің портал еліміздегі түрлі сала бойынша, ел экономикасының қуатты болуы үшін қажетті сапа ұғымы мен сапа санатын қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмысты жалғастыра беретін болады. Күнделікті өмірде сапа ұғымының моральдық аспектілерін таныстыруға тырысамыз. Өмір сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін отбасылық дәстүрді, адами құндылықтарды насихаттау парызымыз.
Басқару саласындағы сапаның рөлі қандай? Біз басқарудың нағыз үлгісі ретінде Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, БАӘ, Катар сияқты бірқатар мемлекеттердің экономикалық прогреске қалай жеткенін білеміз. Өкінішке орай, біз Қазақстанда тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізбен мақтана алмаймыз. Осы жылдар ішінде көптеген басшылар әлемдік тәжірибені үйренудің және оны басқару ісіне енгізудің орнына экономикадағы сапа мәселелерін дилетант ретінде өздерінің тәжірибесіздігінің салдарынан дұрыс қалыптастыра алмады. Оның салдары ел экономикасының құлдырауына, халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Елімізде жер асты байлығы мол, шикізат өнімдерінің қоры көп болғанмен, бірде-бір өндіріс ошағы салынбады. Айналып келгенде, тәуелсіздіктің 30 жылында өндіруші мемлекет емес, сырттан келетін импортқа тәуелді елге айналдық. Ресми статистикаға сәйкес, 2023 жылы ҚР экспортына арналған негізгі тауарлар: шикі мұнай, мыс және мыс катодтары, ферроқорытпалар, табиғи газ, уран, темір және мыс кендері мен концентраттары, бидай, легірленбеген болаттан жасалған прокат, мұнай өнімдері болды. Қазақстанға импорттың негізгі тауарлары: есептеу машиналары, автомобильдерге арналған доңғалақтар, автомобильдер мен тракторларға арналған жеңіл автомобильдер мен қосалқы бөлшектер, телефон аппараттары, дәрі-дәрмектер, бөлшек саудаға арналған тауарлар, сондай-ақ вакциналар, қан сарысулары т б. (https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/326171?lang=ru).
Сонымен қатар, өткен 30 жылдық кезеңде мемлекеттік аппараттың көптеген қайта ұйымдастырулары жүргізілді: жаңа министрліктер құрылды, енді бірі біріктірілді/бөлінді немесе таратылды, ал нәтижесі өте өкінішті. Осы жылдар ішінде ұлттық валютамыз «теңге» 100 есе құнсызданып, инфляция біздің өмірімізді жоғары қарқынмен жаулады. Бұл ахуалды мемлекеттік деңгейде жүргізілген сауатсыз экономикалық шешімдердің салдары ретінде түсіну үшін керемет сарапшы болудың қажеті жоқ. Әлеуметтік саладағы көрініс тіптен мәз емес. Мәселен 30 жыл ішінде колледждер мен университеттер мыңдаған түлектер дайындап шығарды, бірақ елімізде кәсіби мамандар жоқтың қасы. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде көптеген бюджеттік және жеке медициналық мекемелер, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру компаниялары жұмыс жасайды. Алайда халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілмейді. Қазақстанның әрбір азаматы осы жылдары ашылған және жабылған зейнетақы қорлары мен банк ұйымдарының атауларын есіне де түсіре алмайды. Нәтижесі қандай? Қазір қазақстандық банктерден несие алмаған адамды кездестіру қиын. Бұл фактілер белгілі бір кезеңдегі халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың дәлелі деп қалай айтамыз.
Қорытынды: Портал редакциясы биылғы жылы ISO халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйелері, басқарудың заманауи үлгілері, экологиялық және энергоменеджмент жүйелері, кәсіби және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ұйымдар басшылары мен мамандарын оқыту және біліктілігін арттыру жөніндегі жобаларды іске асыруды жалғастыратын болады. Біздің жоғары білікті кеңесшілер мен мамандар мемлекеттік және жеке ұйымдармен кең ауқымды тренингтер өткізіп, ынтымақтастыққа жұмыс жасауға дайын. Мұндай ынтымақтастық өзара тиімді болады деген үміттенеміз.
Адамгершілік пен дәстүрлі құндылықтар саласындағы сапа. Ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды сақтауға негізделген адамдардың рухани дамуы, қоғамдық сана және жеке тұлғаның адамгершілік тәрбиесі мемлекет саясатын жүзеге асыру барысында оның көшбасшылық қабылет-қарымын айқындайтын, шыңдайтын қасиет. Ата-ана мен бала арасындағы сыйластық пен қамқорлық қарым-қатынасқа негізделген отбасылық өмір, ұлттық тәлім-тәрбие, осының барлығы жанұядағы береке-бірлікті сақтайды. Оның ішінде жасы ұлғайған қарт аталар мен әжелерге ерекше қамқорлық жасалуы тиіс. Өкінішке орай, жылдан-жылға отбасы және қоғамда адамдардың қарым-қатынасы өзгеріске ұшырауда. Жастардың қоғамдағы мінез-құлқы бұдан 10 және 20 жыл бұрынғыдан әлдеқайда өзгерген. Жастардың есірткіге, денеге татуировка жасауға деген құштарлығы артқалы қашан. Тіпті олардың киім-киістеріне дейін, қоғамдық ортада өздерін ұстауы басқаша көрініс берген. Бүгінде ересек адамдарды олардың тым "еркіндігі" Батыс мәдениетіне деген еліктеушілігі алаңдатады. Отбасының ажырасуы, жақындарына, кішкентай сәбилерге жасалып жатқан қиянат пен зорлық-зомбылық фактілері соңғы кезде жиі көрініс беріп келеді.
Қорытынды: Редакция патриотизм, өзін - өзі бағалау, адалдық, тектілік және жауапкершілік сияқты жоғары ұлттық, моральдық және отбасылық дәстүрлі құндылықтарды насихаттайды. Біз отбасы мен қоғамдағы өзара қамқорлықты, бизнес өкілдерінің қайырымдылық пен мұқтаж жандарға көмектесуге деген ұмтылысын жан-жақты қолдайтын боламыз.
Сыбайлас-жемқорлық туралы.
Тәуелсіздік жылдарында ҚР мемлекеттік басқарудың түрлі салаларында сыбайлас-жемқорлық құбылысы ерекше таралды. Күн сайын БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша құқық қорғау органдарының тұзағына түскен лауазымды адамдардың қамауға алынғаны туралы жарияланып жатты. Өкінішке орай, осы жылдар ішінде бастапқы капитал тек қылмыстық жолмен пайда болады деген пікір қалыптасты. Бұл мораль қазақстандықтардың түп-тамырына, өскелең ұрпақтың ой-өрісіне өте зиянын тигізді. Бүгінде көптеген жастар пара алу арқылы тез байып кетуге болады-мыс деген пәлсапамен мемлекеттік қызметке орналасуға ұмтылады. Қоғамдағы бұл үрдіс өте алаңдатарлық жағдай. Егер мемлекеттік органдар тарапынан түбегейлі шаралар қабылданбаса, бүкіл қоғам үшін тоқырау болуы әбден мүмкін.
Қорытынды: редакция қоғам мен мемлекеттің дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген адамгершілігі жоғары, мәдениетті жандар туралы материалдарды жариялауды жалғастырады. Біз жанқиярлықпен жұмыс істеген және елге рухани мұра қалдырған тарихи тұлғалар туралы материалдарды жариялайтын боламыз. Кәсіпкерлікпен айналысып, адал еңбек етіп әлеуетін түзеген адамдардың тәжірибесін кеңінен насихаттайтын боламыз. Редакция парақорлықты адамдықтың азғындығы деп санайды. Осы азғындық жолда жүрген адамдар заң алдында жауапқа тартылуы тиіс деп ойлаймыз. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық, парақорлық туралы фактілерді жариялайтын боламыз. Бүгінгі өмір сапасы сыбайлас жемқорлық құбылысына мүлдем кереғар күйде. Қоғамның бір бөлігі ұрлықпен байыған адамдарды қабылдай алмайды. Израильдің бұрынғы премьер-министрі Голда Мейр сыбайлас жемқорлықты сатқындықпен теңестірген болатын. Оның пікірімен толық келісуге болады.…
Сөз соңында
- Халықтың өмір сүру сапасы елдегі саяси, экономикалық, демографиялық факторларға тікелей байланысты. Барлық саладағы сапа мәселесін шешуді үкімет, қоғам, әрбір жеке тұлға жүзеге асыра алады.
- Ұлттық сапа идеясын, мемлекеттік сапа бағдарламаларын іске асыру кезінде тұжырымдамалық тәсілді ұстанған жөн. Сапа менеджменті мәселелерін шешуге жәй ғана қызығушылық танытып қоймау керекпіз.
- Өмір сапасы санатында философия мен әдіснаманы түсіну қажет: басқарудың жалпы заңдары және оларды іске асыру құралдары; шешімдердің теориялық негіздемесі және практикалық бөлшектердің мазмұны; стратегиялық және операциялық басқару.
- Әрбір жеке тұлға өз ойын өзгертіп, сапа түсінігін қалыптастыруы керек.
- Басқарудың барлық деңгейдегі басшылары сапа менеджмент теориясын экономикалық прогресс ретінде меңгеруі тиіс.
- Басқа елдегі сапа мәселелерін шешудің халықаралық және үздік тәжірибесін кеңінен зерделеуі қажет.
- Мемлекеттік, өңірлік, салалық, қоғамдық және жекелеген деңгейде өмір сүру сапасына қатысты басымдықтарды айқындау қажет.
- Отбасындағы өмір сапасы – ол қоғамның негізі болып табылады. Ұлттық салт-дәстүр мен отбасы құндылықтарын сақтауымыз керек.
Авторы: Азат Әбдірахманов, ғылым докторы, профессор, халықаралық сапа академиясының академигі (АҚШ), Еуропалық сапа менеджменті қорының ассессоры (EFQM, Бельгия), ҚР Президенті "Алтын сапа" сыйлығының сараптама тобының мүшесі
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через