Оқу жылы қарсаңында психологтан ата-аналарға кеңес

Оқу жылы қарсаңында психологтан ата-аналарға кеңес
фото: liter.kz

Бала – ата-ананың айнасы. Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер, дейді дана халқымыз. Алайда көп жағдайда ересектер мұны естен шығарып, баласындағы теріс іс-әрекеттің себебін сырттан іздейді. ҚазАқпарат тілшісі Петропавлдағы «Центр личности» орталығының психологы Мария Гейнмен сұхбаттасып, бала тәрбиесіне қатысты кей сұрақтарына жауап алды.

-Ата-аналар көбіне балаларын алдыңызға қандай мәселемен әкеледі?

- Мен 5 жастан 21 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істеймін. Ал бөліп қарайтын болсақ, мәселен 5 жастағы балдырған балабақшаға барғысы келмесе, төбелесе берсе, тістеп, тәрбиешімен дөрекі болса, 1-4 сынып оқушыларын көбіне сабақ үлгерімі нашар, оқуға қызығушылығы болмағандықтан әкеледі. Бала сыныптастарымен тіл табыса алмай төбелесе берсе, мұғалімдерге дөрекі жауап беріп, мектепке барғысы келмесе – біздің көмекке жүгінеді. Сыныптастары, ұстаздар тарапынан буллинг, беймазалық – осындай мәселемен де келетіндер бар. Әдетте ата-аналар «балаға ие бола алмаймын, көмектесіңіздер» деп келеді.

Жасөспірімдер, әлі мектепте оқитын 18 жасқа дейінгілерге келсек – тұйық, қатарластарымен араласпайды, достары жоқ, тіпті ата-аналарымен де ашылып сөйлеспейді, буллинг. Сол сияқты ештеңеге қызығушылығы жоқ балалар болады.

Ал 18 жастан бастап маманға келуге көбіне жауапсыз махаббат немесе романтикалық қарым-қатынастың сәтсіз аяқталуы себеп болып жатады. Ата-анамен ортақ тіл таппау – жиі кездесетін мәселе. Әдетте 13 жастан кейін балалардың өздері психологқа сұранады. Мазалап жүрген мәселелерін айтып, көмек сұрайды.

3-5 жастағы балалармен жұмыс істемеймін, бірақ олардың ата-аналарын қабылдаймын. Өйткені тәрбие беруде кеткен олқылық баланың мінезінде із қалдырады. Үйдегі ұрыс-керіс, жанжал, ажырасу – балаға кері әсер етеді.

Қазіргі уақытта баланы кішкентайынан түрлі үйірмелерге беріп, бос уақыты болмайтындай жүктеу сәнге айналған. Тіл үйрену курсынан шығып, биге барады, одан шығып, мәселен карате үйірмесіне қатысады. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Бала ер жету барысында кезең-кезеңмен дамиды. Мәселен белгілі бір жас аралығында оның миы дамиды, дағдылары қалыптасады. Сондықтан балаға балалық кезеңнен өту өте маңызды. Мәселен жасөспірімге достарымен араласу керек, өзі құралпы балалармен қыдырып, қарым-қатынас орнатқаны жөн. Ал балабақша жасындағы, бастауыш сыныптағы балалар үшін негізгі іс-әрекет түрі – ойын. Бала ойнағысы келеді. Біз баланың барлық уақытын ересек сияқты түрлі үйірмелермен толтырып тастасақ, оның осы балалық шағын, ойынға деген қажеттілігін алып қоямыз.

Бала бір-екі үйірмеге барса – жеткілікті. Оның психикасына, миына салмақ салудың қажеті жоқ. Егер күні бойы ақпарат алатын болса, оның миы алған ақпаратты қорыту үшін энергия жұмсайды, жүйкесі жұқарады, салдарынан психо-эмоционалды жағдайы нашарлайды.

Сондықтан алдымен, баладан қандай үйірмеге барғың келеді деп сұрап, таңдау берген жөн. Мысалы каратеге барды, біраздан кейін ол ұнамай қалды. Жақсы, басқасын таңдайық. Осылайша әйтеуір өзіне ұнайтынына тоқталады.

Мынандай жағдай да болады, ата-ана «біздің баламыз 5 жасынан биге барды, қазір 12-де, енді биді тастағысы келеді, соншама жылын арнады, рұқсат бергеніміз жөн бе?» дейді. Бала кішкентай кезінде әке-шешесін тыңдайды, солар құрып берген күн тәртібіне бағынады, олар таңдаған балабақша, мектепке барады. Жасөспірім шақта ол енді өзіне не ұнайтынын біледі, өзі таңдау жасағысы келеді. Бұл –дұрыс, ол үшін ересектерге алаңдаудың қажеті жоқ.

Баланы неше жастан үйірмелерге берген жөн?

- Егер оның жасына сай келсе, қай жастан беремін деген сұрақ туындамауы керек. Мәселен, емшектегі балаларға арналған бассейн бар немесе 3 жастағы балаларды қабылдайтын сурет үйірмесі жұмыс істеуі мүмкін. Балаға ұнаса, жыламаса – неге бермеске?!

Ата-ана баласымен байланысын үзіп алса, бала әке-шешесін жүре тыңдап, ара-қатынас нашарласа не істеу керек?

- Бұл жерде баланың жасы маңызды. Егер жасөспірімнің өтпелі кезеңі болса, баланың ер жетіп келе жатқанын түсіну керек, қадағалауды да аздап босаңсытқан жөн. Өйтпеген жағдайда перзентіңіз наразылық білдіреді, жағдай ушыға түсуі мүмкін. Ол достарымен араласуы керек, жүруі керек. Ал бастауыш сынып оқушысы болса – тәрбиеде олқылық болуы мүмкін. Онда ең алдымен, ата-анамен жұмыс істеп, неден шалыс басқанын анықтағанын жөн.

Ата-аналар жалпы бала тәрбиесінде қандай қателіктерге жол береді?

- Ата-ана тәрбиесі баласына екі жолмен әсер етеді. Біріншісі – психологиялық ықпал, тәрбиелеу кезінде микрозақым келтіру, дұрыс тәрбиелемеудің салдарынан эмоционалдық жағдайын нашарлату, мұның бәрі психологияның көмегімен түзетіледі немесе уақыт өте келе жойылады. Екіншісі психопатиялық әсер ету, ата-ананың тәрбиесі психикалық бұзылуға әкеледі. Мұндайда психиатрдың көмегі және медикаменттер керек.

Тәрбие беру кезінде жиі кездесетін қателіктер – инфантилизация, симбиоз.

Инфантилизация – ата-ана баласын тым қамқорлыққа алып, мәселен 10 жастағыға 5-6 жастағы бала сияқты қарайды. Ал ол мұны өзінше түсінеді, істетпесе қолымнан келмейтін шығар, оны істеуге кішкентаймын деп ойлайды. Инфантилизация арқылы баланың өзін-өзі бағалауы төмендейді, ата-анасы оған сенім артпайды деп ойлауы мүмкін.

Симбиоз – ата-ананың баласымен бір бүтін сияқты өмір сүруі. Ата-ана баласы үшін бәрін шешеді, не кию керектігін айтады, өзі киіндіреді, ал бала 12 жаста. Ол өз бетінше түк істей алмайды. Мектепке барады, ал мектептің өз талабы, міндеттері бар. Бірақ бала түк істей алмайды, өйткені ол үшін үйде бәрін әке-шешесі атқарады. Осыдан бастап балада түрлі мәселе туындайды, ол басқалармен тіл табыса алмайды, түк істей алмағасын мазасызданады.

Авторитарлық тұрғыда тәрбиелеу, ата-ана тәртіпке үйретіп жатырмын деп ойлайды, алайда балада үрей қалыптасады. Тәртіпке үйрету үшін оның міндеттерін бөліп беру керек, орындамаған жағдайда шара қолданған дұрыс. Мысалы, менің міндетім – тамақ пісіру, сенің міндетің – өсімдіктерді суарып, мысықты тамақтандыру, т.с.с. Егер мен жұмыстан келгенде сен суарып қоймасаң, онда мультфильмді 60 минут емес, 20 минут қана көресің. Өйткені сен өз міндетіңді орындамадың. Яғни бала тіл алмаудың салдарын көргенде, келесі жолы ойланатын болады.

Сіздің тәжірибеңізде есіңізде қалған қандай да бір «қиын» бала болды ма?

- Ия, мұндай бала көп, бірақ, мен құпиялылық сақтауға міндеттімін. Жұмысым оңай емес, балалармен жұмыс істеу ересектерге қарағанда қиын. Соның ішінде суицид жасау ойы бар, өзіне жарақат салуға бейім жасөспірімдерді айтар едім. «Мария, сен қазір не айтсаң да маған бәрібір, бұл өмірде мені ештеңе ұстамайды, менің өмір сүргім келмейді» деуі мүмкін. Мұндайда бар білгенімді салуға тура келеді. Бетін өзіме бұруым керек, яғни бірінші кездесуде маман ретінде емес, адами көмек беруге тырысамын. Өмірмен қоштасу оның өз тілегі емес, психикасының жұмысы, жүйкесінің жұқарғанын айта отырып, әр мәселесін жіліктеп, бірлесе шешу жолдарын ұсынамын. Менің міндетім, бірінші кеңестен кейін оны әрі қарай психологпен жұмыс істеуге келетіндей ету, сенімін ояту.

Ал «қиын» балаға келетін болсақ, оның іс-әрекетін психология арқылы түзеуге болады. Бірақ ата-анаға да өзгеруге тура келеді, өйткені бұл – тәрбиеде кеткен олқылықтың салдары.

Жақында жаңа оқу жылы басталады. Бұл балаларға ғана емес, ата-аналарға да үлкен салмақ. Әлеуметтік желіде баламен үй тапсырмасын орындаған ата-аналардың түрлі ролигі жүр. Күлкі үшін салынғанымен, оның артында шындық тұр. Жалпы осындай үй тапсырмасын орындау ата-ананың жүйкесін тоздырып, баланың психикасын бұзбауы үшін қандай кеңес бере аласыз?

- Психолог кеңес бермейді, әр жағдай бойынша мәселенің басын ашады. Егер де ата-ана өзін ұстай алмайтын жағдайға жетсе – психологқа көрінуі керек. Оның бір нәрсеге жеке реакциясы. Юлия Гиппенрейтердің «Баламен қалай сөйлесу керек» деген кітабын оқуды ұсынамын. Мұнда көп мәселе жайында айтылады, соның ішінде баланы тәртіпке үйрету, балаға қолдау көрсетудің маңызы, т.б. Ал 7 жасқа дейінгі бала болса Ольга Хухлаеваның «Әр балада – күн» атты еңбегі бар.

Бір оқиғаны, клиентімнің рұқсатымен айтып берейін, қырықтан асқан әйел баласын күнде балабақшаға апарады, ұлы бәтеңкенің бауын өте баяу байлайды. Оның тез қимылдамағанына ашуланып, әйел айқайға басады екен. Бұл жерде әйелдің белгілі бір оқиғаға ашу-ыза сияқты реакциясын көреміз. Бала анасына жауап бере алмайды ғой, үнсіз кетіп, бар ашуын балабақшада шығарады. Тістейді, төбелеседі. Сол әйел менен көмек сұрап келді. Кейін ол 7 жаста болғанда қазіргі баласы сияқты аяқ киімінің бауын баяу байлағаны, әкесінің дәл қазіргі өзі сияқты айқайлап ұрысатыны анықталды. Бұл оның жадында жатталып қалған. Енді сол көргенін қайталап жатыр. Бұдан кейін ол өзінің осы оқиғаға реакциясын өзгертті, сабырлылық танытатын болды, баласы да тынышталып, тобындағы балалармен төбелесті тоқтатты. Ескертетін жайт, мен оның баласын бір рет те көрген жоқпын.

Баланы 1-сыныпқа қай жастан берген дұрыс, 6 әлде 7 жастан? Бұған ғылыми негіз бар ма?

- Әр бала ерекше. Біреуі ерте, енді бірі кешірек жетіледі. Сондай-ақ бір балада неврологиялық дерт болып немесе перинаталдық кезең ауыр өтуі мүмкін. Сондықтан баланың дайындығына қараған дұрыс. Балалармен қарым-қатынасы қандай, есте сақтап, тақпақтарды жаттай ала ма, әлде жаттағысы келмей жылай ма? Балабақшада болса, тәрбиешілері не дейді, егер ол қозғала бермей отыра алса, оқуға бейімі болса – мектепке бере беруге болады.

7 жастың дағдарысы деген ұғым бар. Баланың ойыннан, оқу әрекетіне ауысады. Адаптацияға екі ай қажет. Егер осы мерзімнен кейін бала әлі де көндіге алмай жылайтын болса, психолог маманның көмегіне жүгінуге болады.

Әңгімеміздің соңында ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз...

- Балаларыңызды жақсы көріңіздер! Оларды сол күйінде қабылдаңыз. Бала өзін жақсы көретінін сезінуі керек. Қолдап, түсіністік таныта біліңіз.

Рахмет!