Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібін заңмен қатаң реттеу қажет деген пікір айтты. Оның айтуынша, соңғы жылдары түлектердің қуанышты кеші кей жағдайда әлеуметтік бәсеке мен артық шығынға ұласып барады.
Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында журналистер сауалына жауап беру барысында мәлімдеді.
Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін мектеп бітіру кештерін білім беру ұйымдарының аумағынан тыс жерде өткізуге шектеу қойған. Соған қарамастан, әр оқу жылының соңында мейрамханалар мен ойын-сауық орындары алдын ала толық брондалып, ата-аналар арасында қызу дайындық байқалады.
Депутаттың айтуынша, мұндай дәстүр кейде қарапайым мерекенің мәнін жоғалтып, “кім қалай киінді, кім қандай көлікпен келді” деген сыртқы көрсеткіштерге тәуелді жарысқа айналып кетеді. Бұл жағдай әлеуметтік теңсіздікті де айқындай түседі.
“Бітіру кеші – әр оқушы үшін ерекше сәт. Бірақ кейде ол қуаныштан гөрі бәсекеге айналып кетеді. Бір отбасының мүмкіндігі жетсе, екіншісі қиналады, тіпті несие алуға дейін барады. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, заңнамалық деңгейде реттеу қажет деп есептеймін”, – деді Ринат Зайытов.
Халық қалаулысы бұл бастаманы алдағы уақытта жан-жақты талқылау қажеттігін атап өтті.
Ақпарат дереккөзі:https://informburo.kz/kaz