Нью-Йоркте «Kazakhstan Finance Day» форумы өтті

Нью-Йоркте «Kazakhstan Finance Day» форумы өтті
фото: Kazinform

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, АҚШ-тағы Елшілігі және Бас консулдығы ұйымдастыруымен, Citigroup, Mastercard, Visa, Solidcore Resources және АҚШ Сауда палатасымен серіктестікте Нью-Йоркте «Kazakhstan Finance Day» форумы өтті, деп хабарлады kaz.inform.kz. 

Іс-шара Citigroup корпорациясының Нью-Йорктің іскерлік орталығындағы штаб-пәтерінде өтіп, екі елдің қаржы-экономикалық секторынан 450-ден астам өкілді жинады. Қатысушылардың арасында Blackstone, Ashmore, JP Morgan, Cerberus, Apollo Global Management, KKR, Bloomberg секілді Уолл Стриттің ірі инвесторларын біріктірді.

Қазақстан делегациясы ҚР Ұлттық Банкінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, АХҚО-ның, Қазақстанның Даму Банкінің, Қазақстан қор биржасының, Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Holding компанияларының басшылары және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры сияқты даму институттарының өкілдері деңгейінде ұсынылды.

Әлемнің басты қаржы орталықтарының бірінде мұндай бірінші Форумды өткізу экономикалық байланыстарды нығайтуға және Қазақстанға экономикалық тартымды инвестициялық бағыт ретінде жаңа инвестициялар тартуға бағытталған.

«Kazakhstan Finance Day» алаңы әлемдік қаржы нарығының негізгі ойыншыларына, инвесторлар мен іскер серіктестерге Қазақстан экономикасының даму серпіні, оның әлеуеті мен ағымдағы инвестициялық жобаларымен танысуға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы экономикасының макрошолуы, елдің қаржы нарығындағы даму тенденциялары туралы өзекті ақпарат, цифрландыру саласындағы жетістіктер және цифрландыру саласындағы технологиялар, қауіпсіздік пен ұлттық қаржылық инфрақұрылым тиімділігін арттыру бойынша алдағы жоспарлар ұсынылды.