2027 жылы жанармай акцизі 50 пайызға дейін төмендейді. Бензин арзандай ма

2027 жылы жанармай акцизі 50 пайызға дейін төмендейді. Бензин арзандай ма

фото: pexels.com

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бензин мен дизель отынына салынатын қосымша акциз үлесін 95 пайыздан 50 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Ұлттық экономика министрлігі бұл жанармай бекеттеріндегі бағаның автоматты түрде арзандауын білдірмейтінін атап өтті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Тengri Auto сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Үкімет қаулысының жобасы 20 қазанда жария талқылау үшін орналастырылды. Талқылау кемінде 10 жұмыс күніне созылады. Одан кейін құжат қалған келісу рәсімдерінен өтіп, Үкіметтің қарауына жіберіледі, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, қосымша акциз үлесі 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 50 пайыздан 95 пайызға дейін көтерілген болатын.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл уақытша шара: бағаның өсуіне жарияланған мораторий мен отынның көтерме бағасының төмендеуіне байланысты Атырау және Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының бюджетіне түсетін түсімдер жоспарланғандан аз болған. Еліміздегі негізгі мұнай өңдеу зауыттары дәл осы өңірлерде орналасқан.

Енді бұрынғы механизмге қайта оралу ұсынылып отыр. Ведомство акциз үлесін азайту жергілікті бюджеттердің жоспарланған кірісін қысқартпайды деп есептейді: 2026–2028 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде есептеулер 50 пайыздық үлеске негізделіп жасалған. Ал 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттер әлі бекітілген жоқ.

Бұл ретте әңгіме салықтың күшін жою туралы емес, дәл осы қосымша акцизді есептеу тәртібі туралы болып отыр. Ол отын белгіленген шектен жоғары бағамен көтерме саудада өткізілген кезде қолданылады. Қазіргі 95 пайыздық мөлшерлеме Үкіметтің 2026 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген.

Жанармай бекеттеріндегі баға өзгермеуі мүмкін

Ұлттық экономика министрлігі бұл жоба бөлшек сауда бағаларын реттемейтінін және АИ-92, АИ-95 немесе дизель отынының қаншалықты арзандауы тиіс екенін белгілемейтінін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, отын құны нарықтағы сұраныс пен ұсыныс ескеріле отырып қалыптасады.

Сондай-ақ министрлік бұл өзгерістер мұнай өндіруші ұйымдардың экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға және өндірістік қуаттарды дамыту мен жаңғыртуға инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз