Италиядағы турнир: Махмұд Сабырхан алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Италиядағы турнир: Махмұд Сабырхан алғашқы жеңісіне қол жеткізді
фото: https://kaz.nur.kz

       Бүгін бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының сапынан шаршы алаңға шыққан Махмұд Сабырхан алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

       57 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін қазақстандық боксшы Сабырхан бірінші айналымда эфиопиялық Лета Фикремариам Ядесамен жұдырықтасып, еш қиындықсыз жеңіске жетті. Есеп – 5:0.

        Енді келесі айналымда ол таиландтық Саравут Суктхетпен қолғап түйістіреді.

       Сондай-ақ бүгін Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Гаитиден келген Седрик Белони-Дюльепре шаршы алаңға шығады.

       Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ерлер арасында 51 келіде Сәкен Бибосынов гонконгтық Каннет Чун Хим Танмен қолғап түйістіріп, келесі кезеңге өтсе, әйелдер арасында 60 келіде шаршы алаңға шыққан Римма Волосенко алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізген болатын. Ол жауапты сында Тринидад Тобаго елінің өкілі Тианна Гуимен кездесіп, төрешілер шешімімен басым түсті.

      kaz.nur.kz