Астанада халықаралық семсерлесу турнирі өтеді

Астанада халықаралық семсерлесу турнирі өтеді
фото: olympic.kz

       26-29 наурыз аралығында Астанадағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде беделді халықаралық семсерлесу турнирі өтеді, деп хабарлайды Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.

       Жарысқа әлемнің 96 елінен 600-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Әлем кубогының кезеңі ерлер мен әйелдер арасында жекелей және командалық сындар бойынша ұйымдастырылады.

Спортшы Руслан Курбанов өзінің ой-пікірін бөлісті:
— Мен семсерлесумен алғаш айналысқан кезде, Әлем кубогының бір кезеңі Қазақстанда өтеді деп елестете де алмаған едім. Біз үшін мұндай турнирлер әрдайым алыс елдерде — Италия, Франция, Венгрия секілді семсерлесу дәстүрі қалыптасқан мемлекеттерде өтетін. Бүгін біз Әлем кубогының маңызды кезеңдерінің бірін өз елімізде қабылдап отырмыз. Бұл — ел үшін де, қазақ семсерлесуі үшін де зор мақтаныш. Мұндай ірі жарыстар жайдан-жай сеніп тапсырылмайды. Бұл — біздің деңгейіміздің мойындалғанын білдіреді. Сондықтан біз, спортшылар үшін, тек шетелде ғана емес, өз жерімізде де сол деңгейге сай өнер көрсету — үлкен жауапкершілік, — деді ол.

       Қазақстандық спортшылар үшін бұл турнир өз елінде өнер көрсетуге, тәжірибе жинауға және халықаралық деңгейде мойындалған шеберлігін көрсетуге тамаша мүмкіндік болады.