EURO 2024: Қазақстан мен Дания кездесуі үздік деп танылды

EURO 2024: Қазақстан мен Дания кездесуі үздік деп танылды
фото: kff.kz

УЕФА ресми сайтында 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы ерекше қызығушылық сыйлаған ойындар бойынша жанкүйерлер арасында жүргізілген сауалнамада Қазақстан мен Дания кездесуі бірінші орын алды.  

Оған жанкүйерлердің 79 пайызы қолдап дауыс берді.

Осы жылдың наурыз айында елордада өткен кездесуде қазақстандық футболшылар Дания құрамасынан 3:2 есебімен басым түскен еді.

Бірінші кезеңнен кейін даниялықтар 2:0 есебімен жеңіске жетіп жатты.

Одан кейін небәрі 16 минуттың ішінде қазақстандық құрама қатарынан үш гол соғып, өз тарихында алғаш рет Дания құрамасын тізе бүктірді.

Ел құрамасынан Бахтиер Зайнутдинов (73-минут), Асхат Тағыберген (86-минут) және Абат Айымбетов (89-минут) мергендігімен көзге түсті.

Айта кетсек, ел құрамасы Н тобында үшінші орын алды.

Енді олар Ұлттар лигасы плей-офф сатысы арқылы Грекия, Люксембург, Грузиямен құрлықтық додаға берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.

Дереккөз inform.kz.