«Атырау» футбол клубынан бір мезгілде 8 ойыншы кетеді

«Атырау» футбол клубынан бір мезгілде 8 ойыншы кетеді
фото: «Атырау» фк/kaz.inform.kz

«Атырау» футбол клубының басшылығы командадан 8 ойыншының кететінін хабарлады. Оның ішінде 1 қақпашы, 2 қорғаушы, 2 жартылай қорғаушы мен 3 шабуылшы бар, деп хабарлады kaz.inform.kz. 

«Атырау» футбол клубының бас менеджері Дидар Сыдықбек командадан кететін ойыншылардың тізімін жариялады.

– «Атырау» футбол клубынан 8 ойыншы кетеді. Кеше жігіттермен сөйлесіп, алғыс айттық. Бәрін де назардан қалдырмаймыз. Клубсыз қалса, жұмысқа орналасуына көмек береміз, - деп хабарлады Дидар Сыдықбек.

Оның мәлім етуінше, футбол клубынан кететін ойыншылардың ең үлкені – Мейрам Сапанов.

Қорғаныс шебінде ойнаған оның жасы – 39-да. Онымен бірге Амандық Нәбиханов та қорғаушы болған.

Ал, Равиль Атыханов пен Роман Чирков жартылай қорғаушы, Едіге Оралбай, Абзал Шоқан мен Бағдәулет Зұлфықаров шабуылшы позициясында ойнады. 

Сондай-ақ 19 жастағы қақпашы Санжар Ерниязов енді «Атыраудың» қақпасын қорғамайды. Ол – футбол клубынан кеткен 2 қақпашының бірі. Енді команда құрамында 1 қақпашы қалды. 

– Жаңа бас жаттықтырушы өзге ойыншыларды қарым-қабілетін көреді. Содан соң шешім қабылдайды. Алдағы дүйсенбіде жаңа ойыншыларды таныстыра бастаймыз, - деп мәлім етті Дидар Сыдықбек. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубы ресейлік қақпашымен келісімшартты  тоқтатты.