Қазақстан құрамасы Азия ойындарын 4-орынмен аяқтады

Қазақстан құрамасы Азия ойындарын 4-орынмен аяқтады
фото: Туризм және спорт министрлігіі

       Қытайда өткен қысқа Азия ойындарында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады. Ұлттық құрама қоржынына 20 медаль түсті.

Оның төртеуі алтын, тоғызы күміс, жетеуі қола. Ал жалпы медаль саны бойынша Қытай құрамасы көш бастады. Сайыс иелерінің еншісінде 85 медаль болса, екінші орынға 45 медальмен Оңтүстік Корея жайғасқан болатын. Ал үштікті 37 медальмен Жапония құрамасы түйіндеді.

Қазақстан спортшыларының  қоржынына алтын жүлдені биатлоннан жекелей сында өнер көрсеткен Владислав Киреев, фристайл-акробатикадан синхронды секіруден, шорт-тректен және хоккейден ерлер құрамасы салды.

Күміс жүлдені биатлоншы Вадим Куралас пен эстафетада Қазақстан ерлер құрамасы, фристайл-акробатикадан аралас құрама, шаңғыдан Константин Бортцов пен әйелдер құрамасы, шорт-тректен әйелдер және аралас құрама, конькимен жүгіруден Евгений Кошкин және шайбалы хоккейден әйелдер құрамасы жеңіп алды.

Ал конькимен жүгіруден әйелдер құрамасы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров, шаңғышы Олжас Климин, шаңғыдан ерлер құрамасы, фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас пен әйелдер құрамасы және биатлоннан әйелдер құрамасы Азиаданың қола жүлдегері атанды.

Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының 137 атлеті 6 спорт түрінен 10 дисциплинада сынға түсті. Харбиндегі дүбірлі додада жалпы 9 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Келесі қысқы Азия ойындары 2029 жылы Сауд Арабиясында өтеді.