Бүгін Еуропа чемпионатының 1/4 финалында үздік құрамалар кездеседі

Бүгін Еуропа чемпионатының 1/4 финалында үздік құрамалар кездеседі
фото: pexels.com

5 шілдеде футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының 1/4 финалында Испания мен Германия және Португалия мен Франция құрамаларының жолдары түйіседі. 

Бүгін 21.00-де Испания мен Германия шеберлік байқасады. Кездесу Штутгарт қаласындағы «МХП» стадионында өтеді. Ойынға танымал төреші Энтони Тэйлор төрелік етеді, деп жазды kaz.inform.kz. 

Қос құрама да өз топтарында үздік ойын өрнегін көрсетіп, плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты. Испания бұл жолы ширек финалда турнир қожайындарын жарыс жолынан шығаруға тырысады. Ал, немістер өз жерінде өтіп жатқан доп додасында жеңіс тұғырынан көрінуге бар күшін салады. 

Фото uefa.com

  Түнгі сағат 00.00-де Португалия мен Франция кездесуі басталады. Ойын Гамбург қаласындағы «Фолькпаркштадион» стадионында өтеді. 

Ойынға бас қазы Майкл Оливер төрелік етеді. Аталған матчта жанкүйерлер әлемнің үздік ойыншыларының бірі, футбол турнирлерінің бірнеше рекордын жаңартқан, 39 жастағы Криштиану Роналду мен футбол әлемінде өзіндік ерекше ойынымен дараланып жүрген, желдей жүйіткіген Килиан Мбаппенің арасындағы текетіресті тамашалайды. 

Екі кездесуді де Qazsport телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. 

Айта кетейік, Еуропа чемпионаты Германияда өтіп жатыр. 

Еске салсақ, бұдан бұрын ¼ финалға Испания, Англия, Германия, Швейцария, Португалия, Франция құрамалары жолдама алған болатын. Сондай-ақ соңғы екі жолдама Нидерланд пен Түркия құрамаларына бұйырды.