Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдегеніндей, "Таза парақ" жобасының басты мақсаты – кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік және фискалдық жүктемені азайту, шағын бизнесті қолдау және салықтық реформаларға бейімделуіне жағдай жасау. Шын мәнінде жеңілдетілген салық тәртібінің игілігін жеке кәсіпкерлер көрі бастады ма?
Осы тақырып бойынша сұхбаттасу үшін «Q» University «Бизнес және басқару» академиялық мектебінің жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Керімбек Ғалымжан Есқараұлын сөзге тартқан едік.

Фото: Ғалымжан Керімбектің жеке мұрағатынан.
- Ел эономикасын және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты салықтық әкімшілендіруді жеңілдету туралы шешім қабылдады. Бұл шешім ең алдымен қандай мақсатты жүзеге асыруды көздейді?
- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Микро және шағын кәсіпкерлікті ел экономикасының маңызды тірегі ретінде қарастырып, оны дамыту, қолдау және тәртіпке келтіру» бойынша бірнеше мәрте маңызды мәлімдемелер жасаған еді. Үкіметке бизнесті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлік ортаны жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Микро және шағын кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамту ісінде және азаматтардың табысын арттыруда аса маңызды рөл атқарады.
Осыған орай Ұлттық экономика мен Қаржы министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексінің күшіне енгенге дейін Салықтық әкімшілендірудің жаңа тәсілін, микро және шағын бизнес үшін 2026 жылды «Таза парақтан» бастаудың мүмкіндігі туралы бірнеше рет ашық түрде хабарлама жасады.
«2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салық кезеңдері бойынша камералдық бақылау жүргізілмейді, заңнамада көзделген жекелеген ерекшеліктерді қоспағанда, салықтық тексерулер тағайындалмайды»,- деп ресми түрде бірнеше мәрте атап өтті.
Бүгінде жаңа Салық кодексі күшіне еніп, қолданысқа енгізілді. Мемлекет басшысы жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, кейбір микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырып, азайтып көрсететінін сынға алды. Бұл адал бәсекелестікке кедергі келтіреді.
- Осы шешімнен кейін шағын және орта бизнеске кедергі келтіретін жоспардан тыс тексерулер тыйылды ма?
- Бүгінгі таңда бизнес саласы «Жаңа тәжірибеге» тап болып отыр. Президент шағын және орта бизнеске негізсіз кедергі келтірмеу үшін оларды жоспардан тыс тексерулерді доғаруды қатаң тапсырса да, кәсіпкерлерге тауарларды сату, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету бойынша нақты айналымның жасалғанын растау туралы жаппай хабарлама келе бастады.
Мәселе бұл бір бөлек хабарлама туралы емес. Бұл жаңа Салық кодексінде көзделген «Электрондық шот-фактураларды жазып беруді салыстырмалы бақылау» тетігі, оны МКК нақты айналым жасамай-ақ ЭШФ жазып беру белгілерін анықтаған кезде қолданады.

Фото: Egov.kz
Сонымен қатар, мұндай хабарламада тек 2026 жылғы операцияларды растау ғана қажет етілмейді. Тексерілетін кезең 2023 жылдан басталып, 2026 жылға дейін жалғасатын хабарлама да бар.
Кәсіпкер 2026 жылы іс жүзінде 2023, 2024 және 2025 жылдарда жасалған барлық шаруашылық қызметті қайта растауы қажет: нақтырақ айтқанда, жасалған келісім шарттарды, орындалған жұмыстардың актілерін, жүкқұжаттарды, төлем құжаттарын, тауарлар бойынша барлық құжатты, қызметкерлерді, техниканы, материалдарды және мәмілелердің шынайылығымен қоса, басқа да дәлелдерін көрсетеді. Сондай-ақ, бұл ақпаратпен тек қана «10 жұмыс күнінде» қамтамасыз ету керек.
- Аз уақыт ішінде кәсіпкерлер осындай көптеген қажетті құжаттарды түгел тапсыра ала ма? Егер үлгермесе қандай шара қолданылуы мүмкін?
- Егер кәсіпкер салық органының күмәнімен келіспесе, ол жұмыстың нақты орындалуына, қызмет көрсетуге немесе тауарларды жеткізуге түсініктеме мен дәлелдер ұсынуы керек. Жіберілген хабарлама мерзімінде орындалмаса, заңнамаға сәйкес «Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру» және «Электрондық шот фактураларды жазып беруді шектеу» жөніндегі тәртіптік шараларды қолдану көзделген.
МКК өзі салыстырмалы бақылау ЭШФ-ны салық есептілігімен, банктік және басқа да мемлекеттік деректермен салыстыру арқылы жүргізілетінін ресми түрде түсіндіреді, ал нақты айналымның болмау белгілері анықталған кезде, салық төлеушіге тиісті хабарлама жіберіледі.
- Сонда министрлер мен комитет Төрағасының «Таза парақ» уәдесі қайда?
- Сұрағыңызды түсіндім. Кәсіпкер «2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңдер өткенде қалады» деген мәлімдемені қалай түсінуі керек, егер оған 2026 жылы он жұмыс күні ішінде «2023 жылдан бастап» операциялардың шындығын растау ұсынылса, -дейсіз ғой?
Әрине, бұл жерде мемлекет заңды түрде жауап бере алады: бұл классикалық камералық бақылау немесе салықтық тексеру емес. Бұл жеке механизм ‒ ЭШФ салыстырмалы бақылауы.
Кәсіпкер бірнеше күн ішінде үш жылдық құжаттарды көтеріп, салық органына жұмыстың шынымен орындалғанын, тауарлардың шынымен жеткізілгенін және қызметтердің шынымен көрсетілгенін дәлелдеуге мәжбүр болып отыр.
- Егер «Таза парақтан» ұраны ескі кезеңдерді салықтық бақылаудың басқа түрлері арқылы тексеруге болатындығын білдірсе, неге бұл бизнеске тікелей айтылмады?
- Кәсіпкерлер «Таза парақтан» бастауды, «Әкімшілік жүктемені азайтуды», «Тексерудің аз боларын», «Жаза берудің орнына құқық бұзушылықтың алдын алуға көшуді» естіген еді. Ал, енді іс жүзінде бүгінде көптеген кәсіпкер өткен жылдарда жасалған операциялар бойынша растайтын құжаттардың үлкен пакеттерін дайындауға мәжбүр болып отыр.
Бүгінгі бизнес саласы мемлекеттен салықтан толық немесе ішінара босатуды және жалған мәмілелерге көз жұмуды сұрамайды. Бірақ, бизнес саласы «Түсінікті ережелерді және жария түрде мәлімделген қағидаларды» орындауды талап етуге құқылы.
«Парасатты мемлекет» микро және шағын бизнеске қарым-қатынасты «Таза парақтан» бастауға уәде берсе, онда бұл аталған қағида мемлекетке де, барлық кәсіпкерге де бірдей түсінікті болуы керек еді.
Мемлекеттің «Ескі бақылау жүйесі жаңа атау алуы үшін ғана қажет емес» болар.
- Жоғарыда аталған мән жайлардың негізінде Ұлттық экономика мен Қаржы министрлігіне және МКК-ға сұрақ ашық күйінде қалып отыр: іс жүзінде бизнеске уәде етілген «Таза парақ» қағидасы нені білдіреді?
Мемлекет басшысына, Министрлер мен комитет Төрағасына демократиялы қоғамның белсенді азаматы және Президенттің саясатын қолдап, үнемін баспасөз ақпарат құралдарында жиі сұқбат беретін, мақала жазатын экономист сарапшы ретінде, кәсіпкердің жан-айқайы мен мұң-мұқтажын жеткізу мақсатында жазылған сараптамалық ақпаратты ұсынып отырмын. Себебі менің айналамда микро және шағын кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекеттің алдындағы салықтық міндеттемесін адал орындап, көптеген азаматтың табыс табуына, отбасылық жан бағуына көмек беріп жүрген қаншама ағайын-туыс пен дос-жарандар бар.
Кәсіпкерлерге тауарларды сату, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету бойынша нақты айналымның жасалғанын растау туралы жаппай хабарламаны жіберудің салдарынан, елімізде кәсіпкерлік қызметтің құлдырауына, көптеген кәсіпкерлік субъектілердің қызметін тоқтатуға, бірнеше жұмыс орны босап, жұмыссыздықтың көбеюіне, мемлекеттік бюджетке түсетін салықтық түсімдердің азаюына алып келеді.
Еңбекқор кәсіпкерлердің уақыты өтіп кеткен кезеңнің құжаттарын түгелдеуге емес, тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында, жаңашылдықпен айналысып, жаңа өнім түрлерін шығаруға, сапалы қызмет көрсетуге, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдана отырып, кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға және өнімділікті арттыруға зор мүмкіндік беруге арналуы тиіс. Сонда ғана еліміздің экономикасы өркендеп, дамыған елдің қатарынан орын алары ақиқат.
- Әңгімеңізге рахмет.