Америкалық әйел доңыздың бүйрегімен өмір сүріп келе жатқанына жыл толды

Америкалық әйел доңыздың бүйрегімен өмір сүріп келе жатқанына жыл толды

фото: baku.ws

       Ксенотрансплантация дегеніміз медицинада жануардың дене органын адамға салу. Дәл осы әдіспен АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штатында тұратын 58 жастағы Молли Фалкоға былтыр доңыздың бүйрегі салынған. 

       Ол тумысынан ауру-сырқаудан зардап шегіп келеді, бертін келе бүйрегі қатты зақымданған. Операцияға дейін дәрігерлер 11 ай бойы оның диализ арқылы қанын тазартып отырған. Трансплантация Mass General Brigham медициналық орталығында жасалды. Бүйрек eGenesis компаниясының генетикалық модификацияланған доңызынан алынды.

       Трансплантациядан кейінгі алғашқы айларда ауруы асқынғанмен, жаңа бүйрек істеп тұр. Ол токсиндерді сүзгіден өткізеді, зәр шығарады және ағзадағы сұйықтық пен минерал тепе-теңдігін сақтайды. Пациент ақпан айынан бері ауруханаға жатқан жоқ.

       Операциядан кейін Фалко күнделікті тіршілігіне оралды, қайтадан көлік жүргізіп, отбасына тамақ пісіріп жүр, достарымен кездесуге барды. Дегенмен, ол әлі де тез шаршайды, иммунитетті төмендететін дәрілерді ішуге мәжбүр, инфекция қаупін азайту үшін қоғамдық орындарда маска тағып жүреді. Ол трансплантацияланған бүйректі мүмкіндігінше ұзақ уақыт сақтауға үміттенеді.

       Дәрігерлер донорлық органдардың жетіспеушілігін шешудің бір жолы жануарлардан адамға органдарды трансплантациялау болуы мүмкін деген ойды алға тартып келеді.

       Бүгінде бүйрек жеткіліксіздігінен жарты миллионнан астам америкалық диализге тәуелді болып отыр. Біріккен органдарды бөлісу желісінің мәліметтері бойынша, АҚШ-та шамамен 90 000 адам бүйрек трансплантациясын күтіп отыр, былтыр 26 000-нан аз адамға ота жасалды. Қажетті органды күте-күте күн сайын орта есеппен 12 адам қайтыс болады.

       Ғалымдар генетикалық түрлендірілген шошқа органдары болашақта диализге уақытша балама немесе тіпті бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін ұзақ мерзімді шешім бола алады деп үміттенеді.

— Бұл бізге осындай трансплантацияның мүмкін екеніне үлкен сенім береді, — дейді Массачусетс трансплантация орталығының бүйрек трансплантациясын зерттеу жөніндегі директоры Леонардо Риэлла.

       Фалконың отасы сәтті болғанына қарамастан, технология әлі де тәжірибе сатысында. Ғалымдар иммундық жүйенің трансплантацияланған органды қабылдамауы, иммунитетті басатын дәрілердің әсерінен болатын инфекциялар, жануарлардан жұғатын инфекциялардың адамдарға берілуі және бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін асқынулар секілді негізгі қауіптерді шешудің жолдарын іздестіріп жатыр.

       Бұған дейін де бірнеше пациентке генетикалық түрлендірілген доңыздың бүйрегі салынған. Кейбір жағдайларда органдар сегіз-тоғыз ай істеп тұрған; басқа бір жағдайда пациент жүрек ауруына байланысты операциядан кейін көп ұзамай қайтыс болған.

       АҚШ-тағы он медициналық орталықтағы 33 пациенттің қатысуымен жүргізілетін клиникалық сынақтар 2027 жылдың қаңтарында басталады деп жоспарланған. Зерттеу eGenesis әзірлеген бүйрек трансплантациясына бағытталады.

       https://kaz.inform.kz/



 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите