Мұнайдың қымбаттауы жарты әлемде жүргізушілердің қалтасына салмақ салды. Сондықтан біраз елде тоқпен жүретін темір тұлпар мінгендер көбейді. Benchmark Mineral Intelligence зерттеу компаниясының дерегі бойынша жыл басынан бері 17 млн 500 мың электр көлігі сатылды. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 пайызға көп.
Қазір АҚШ-та автосалондарда электр көліктері тапшы. Бұрын дилерлер тоқпен жүретін темір тұлпарларды қайда қоярын білмей қиналса, қазір керсінше, сұраныс бар. Бірақ ұсыныс жоқ. Өйткені автоөндірушілер электромобиль өндірісін қысқартқан. Бұған мемлекеттен бөлінетін субсидиялардың тоқтатуы себеп. Мәселен, АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында Chevrolet Blazer электр көлігінің бесеуі, Канзас-Ситиде үшеуі ғана қалған. Ал Нэшвиллде мүлде жоқ.
Құрама Штаттарда электр көліктердің саудасы өсті. Өткен айда автосалондар тоқпен жүретін 83 мың 300 жеңіл және жүк көлігін сатқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 пайыз көп. Ал нарыққа шыққан электромобильдердің үлесі 38 пайызға қысқарған. Енді қолдағы бары небәрі 3 айда сатылып кетуі мүмкін.
Тоқпен жүретін көліктерге әсіресе Еуропада сұраныс жоғары. Былтыр кәрі құрлықта электр көліктерін мінгендердің үлесі 17 пайыздан асты. Әйтсе де еуропалық автоөндірушілер қытайлық компаниялармен бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Сондықтан ЕуроОдақ шығыстағы көршіміздің ішкі нарықтағы үлесін 2 есе азайтуға ниетті. Енді Қытайдан келетін гибрид көліктердің саны 350 мыңнан аспауы керек. Алайда Бейжің билігі бұл шешіммен келіспей отыр. Қажет болса, Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымдануға әзір.
Электр көліктері саудасының артуы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашты. Үндістанда Mahindra компаниясы бизнесті дамыту үшін тіпті IPO-ға шықпақ. «Үш дөңгелекті электр көліктерін құрастыратын автоөндіруші акцияларын қор нарығына бір жарым жылда орналастырамыз», – дейді.
Электр көліктер саудасының өсуі мұнайға сұранысты да төмендетуі мүмкін. Соның ішінде қара алтын нарығына тоқпен жүретін жүк көліктері мен автобустар елеулі әсері ететін түрі бар. Өйткені жеңіл көлік жылына шамамен 12 мың шақырым қатынаса, жүк көлігі одан он есе көп жүреді. Бұған қоса, бір қоғамдық көлік әр шақырымына 5 есе көп дизель отынын тұтынады. Биыл электр жүк көліктерінің саудадағы үлесі 10 пайыздан асты. Жаһан жұрты тоққа көшкен сайын мұнайға деген сұраныс та азая түспек.
https://24.kz/kz/