Қазақ әдебиетінің асыл мұрасы шекара асып, әлем оқырмандарына жол тартуда. Соның бір айғағы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Маса» жинағының ағылшын тіліне тұңғыш рет аударылып, АҚШ-та таныстырылуы.
Бұл игі бастама қазан айының басында Стэнфорд университетінде көпшілік назарына ұсынылды. Жинақты ағылшын тіліне аударған – Сан-Диего университетінің оқытушы-профессоры Джейк Завлацки. Таныстырылым туралы Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы хабарлады.
Орталық Азия мәдениетін көп жылдан бері зерттеп жүрген аудармашы Қазақстанда, Қырғызстанда және Моңғолияда тұрған. Өңірдің тарихы мен әдебиетіне ден қойған ол қазақ мәдениетімен танысқан сәттен бастап Алаш қозғалысының мұрасына айрықша қызығушылық танытқан. Осы ізденістің нәтижесінде Алаш қайраткерлерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының шығармасын ағылшын тілді оқырманға жеткізуді мақсат еткен.
Әрине, ғасыр бұрынғы қазақ поэзиясын өзге тілге тәржімалау оңай емес. Әсіресе, «Маса» жинағындағы көне сөздер мен қазақ тілінің өзіндік өрнегін, астарлы мағынасын сақтап қалу аудармашыға үлкен жауапкершілік жүктеген. Дегенмен, бұл қиындықтар еңбектің маңызын арттыра түсті.
Арада қанша уақыт өтсе де, Ахмет Байтұрсынұлының елдік мұратты ту еткен өлеңдері өз мәнін жоғалтқан жоқ. Енді сол рухани мұра ағылшын тілінде сөйлеп, қазақ әдебиетінің әлемдік кеңістікте кеңінен танылуына жол ашады. Бұл – бір кітаптың аударылуы ғана емес, ұлттың ойы мен рухын өзге жұртқа танытатын тағылымды қадам.