Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы түркі оқырманына таныстырылды

Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы түркі оқырманына таныстырылды

фото: Standard.kz

       Түркі дүниесінің ортақ рухани қазынасын кеңінен насихаттап келе жатқан Түркияның «Temrin» ой және әдебиет журналының 150-мерейтойлық санында қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятына арналған мазмұнды мақалалар топтамасы жарық көрді.

       Қазақтың көрнекті қаламгерлері мен ұлттық сөз өнерінің құндылықтарын түркі оқырманына таныстыруды мақсат еткен басылым әдебиеттану, мәдениеттану және түркітану бағытындағы ғылыми-танымдық еңбектерге айрықша мән береді. Мерейтойлық нөмірден қазақ әдебиеті мен ұлттық өнеріне қатысты бірқатар зерттеу мақалалар орын алған. 

       Солардың қатарында Ұлттық госпитальдің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маманы, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Өтеннің «Kenen Äzirbayulı’nın Atışma Ustalığı» атты ғылыми-танымдық мақаласы түрік тілінде жарияланды. Зерттеу еңбегі қазақтың әйгілі ақыны, әнші-композиторы, айтыс өнерінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың шығармашылық мұрасын түркі оқырманына кеңірек таныстыруымен құнды. 

       Айгүл Жақсылыққызының мақаласындағы негізгі ерекшелік – Кенен Әзірбаевтың айтыскерлік шеберлігін қазақ әдебиеті мен ұлттық сөз өнерінің көркемдік құндылықтары аясында қарастырып қана қоймай, оны түркі халықтарына ортақ әдеби-рухани сабақтастық тұрғысынан зерделеуінде. 

       «Қазақтың айтыс өнері – халқымыздың тарихи жадын, қоғамдық ойлау жүйесін, дүниетанымын, эстетикалық талғамын және тілдік-көркемдік мүмкіндіктерін бойына жинақтаған бірегей мәдени құбылыс. Сондықтан оның көрнекті өкілдерінің шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерделеу – ұлттық әдебиеттанудың маңызды бағыттарының бірі. Сонымен қатар бұл бағыт мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің ғылыми-мәдени әлеуетін арттыру және ұлттық руханиятты дәріптеу міндеттерімен де сабақтас», – дейді Айгүл Өтен. 

       Ғылым жолы үздіксіз ізденісті, терең білімді, табандылық пен кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, отандық зерттеушінің еңбегінің түркі әлеміне танымал әдеби басылымдардың бірінде жарық көруі – қазақ әдебиеті мен ұлттық мұраны халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы маңызды қадам. 

       Кенен Әзірбаевтың шығармашылық мұрасын түрік тілінде танытқан бұл еңбек қазақтың айтыс өнері мен ұлттық сөз мәдениетінің түркі дүниесіндегі рухани байланысын тереңдете түседі. Сонымен бірге мұндай ғылыми ізденістер ұлттық құндылықтарды шетелдік оқырманға жеткізіп, қазақ мәдениетінің халықаралық кеңістіктегі танымын арттыруға жол ашады. 

       Айгүл Жақсылыққызын ғылыми ізденісінің жемісі – тағылымды мақаласының «Temrin» журналында жарық көруімен құттықтап, шығармашылық шабыт пен жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз!

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите