Алматыда «Еуропалық коллекция: өнер және тарих» көрмесі ашылады

Алматыда «Еуропалық коллекция: өнер және тарих» көрмесі ашылады

фото: Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі

2026 жылдың 16 қазаны күні сағат 17:30-да Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «Еуропалық коллекция: өнер және тарих» көрмесі ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Көрмеге «Ампир» антикварлық салонының қорынан ұсынылған кескіндеме, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылады. Экспозиция еуропалық өнердің бай дәстүрін, көркемдік бағыттардың сан алуандығын және әр дәуірдің мәдени болмысын танытады.

Көрме келушілерді XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдағы еуропалық өнер әлеміне жетелеп, сол кезеңдегі көркемдік ізденістермен, эстетикалық талғаммен және мәдени өмірдің өзіндік ерекшеліктерімен таныстырады.

Экспозицияның негізгі бөлігін әртүрлі көркемдік бағыттар мен мектептердің өкілдері саналатын суретшілердің кескіндемелік туындылары құрайды. Шығармалардың тақырыптық ауқымы, композициялық шешімдері мен авторлық қолтаңбалары арқылы қоршаған дүниені бейнелеу тәсілдерінің қалай өзгергенін, суретшілердің көркемдік ойлау жүйесі мен шығармашылық ұстанымдарының қалай дамығанын аңғаруға болады.

Кескіндеме туындыларымен қатар көрмеге мүсіндер мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары да қойылған. 

Олардың қатарында көне сағаттар, фарфор бұйымдары, көркемдік нақышпен жасалған жиһаздар және өзге де антикварлық жәдігерлер бар. Бұл бұйымдар еуропалық интерьер мәдениетінің ерекшеліктерін, тұрмыс-салт дәстүрлерін, сұлулық пен жайлылық туралы түсініктерді танытады. Келушілер бір кездері күнделікті тұрмыста қолданылған бұйымдарды тамашалап, өнердің тұрғын үй кеңістігін қалыптастырудағы орнымен таныса алады.

Экспозицияға қойылған өнер туындылары мен антикварлық бұйымдар жеке коллекциялардан жинақталып, музей және «Ампир» антикварлық салонының ынтымақтастығы нәтижесінде көрермен назарына ұсынылып отыр.

Көрме көркем туындылардың шеберлігін бағалап қана қоймай, олардың дүниеге келген дәуірінің тарихи-мәдени келбетін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Кескіндеме, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер үлгілерін қатар қарастыру арқылы еуропалық қоғамның көркемдік дәстүрлері мен күнделікті тұрмысының өзара сабақтастығын, сол дәуірлердің эстетикалық мұраттары мен мәдени құндылықтарын аңғаруға болады.

Экспозиция өнертанушыларға, тарихшыларға, коллекция жинаушыларға, сондай-ақ Еуропа өнеріне, мәдениетіне және тарихына қызығатын барша көрерменге арналған.

 

Көрме кураторы: Токтасын Даная

Көрме 2026 жылдың 30 қарашасына дейін жалғасады.

Жұмыс уақыты: 10:00 – 19:00

Демалыс күні: дүйсенбі                                                             

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите