Темір тапшылығы анемиясы

Темір тапшылығы анемиясы

фото: sbsmed.kz

       Анемия — қандағы гемоглобин және/немесе эритроциттер (қанның қызыл жасушалары) деңгейінің төмендеуіне байланысты патологиялық жағдай. Бұл жасушалар оттегіні өкпеден барлық мүшелер мен тіндерге тасымалдайды. Анемиялар туындау себептері мен даму механизмдеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Оның ең көп таралған түрі  темір тапшылығы анемиясы (ТТА).ДДСҰ- ның деректері бойынша, темір тапшылығы анемиясы бүкіл әлемдегі анемия жағдайларының шамамен 50% екен. Қазақстанда  әсіресе балалар мен жүкті әйелдердің 30%-дан 45%-ға дейінгі бөлігі темір тапшылығы анемиясынан зардап шегеді. Осы тақырыпта Ұлттық госпитальдің алғашқы медициналық-санитариялық көмек бөлімшесінің учаскелік дәрігері Гүлдар Мұхтарқызы Төлебаевамен сұхбаттасқан едік.            

       Ағзадағы темір алмасуы жайлы айтып берсеңіз.-Темір (Fe, ferrum) – ағзадағы көптеген зат алмасу процестеріне қажетті маңызды микроэлемент. Темірдің басым бөлігі гемоглобин және миоглобин ақуыздарының құрамында болады. Гемоглобин эритроциттерде (қанның қызыл жасушаларында) орналасса, миоглобин қаңқа бұлшықеттері мен жүректе кездеседі. Бұл екеуі газ алмасуды қамтамасыз етеді: оттегін тіндер мен жасушаішілік құрылымдарға жеткізеді және көмірқышқыл газын өкпеге қайта тасымалдайды. Сонымен қатар темір қан сарысуында, сүйек кемігінде және тіндерде темір қоры қызметін атқаратын арнайы ақуыздарда да болады. Адам ағзасындағы темірдің негізгі қоры – ферритин деп аталатын арнайы күрделі ақуыз. Ағза темірді тек сыртқы көздерден, атап айтқанда тамақ арқылы алады және оны аш ішекте сіңіреді. Ол трансферринмен (темір тасымалдаушы ақуыз) байланысып, сүйек кемігіне жеткізіледі, ал онда эритроциттер түзіліп, жетіледі. Адам күніне небәрі 1–1,5 мг темір жоғалтады, сондықтан дәл осындай мөлшерді  тамақтану арқылы толықтырылып отыруы тиіс. Темір тапшылығы эритроциттердегі гемоглобин деңгейінің төмендеуіне әкеліп, олардың кішірейіп, түсінің бозаруына себеп болады. Нәтижесінде темір тапшылығы анемиясы микроцитарлық және гипохромды (грек тіліндегі *hypo* — «астында» немесе «төмен» және *chroma* — «түс» сөздерінен шыққан) анемия ретінде жіктеледі. Осылайша, гемоглобин деңгейі мен эритроциттер саны темір тапшылығы анемиясын диагностикалаудың негізгі көрсеткіштері болып табылады.

       Гемоглобиннің деңгейі қандай болуы керек?-Ересектердегі қалыпты гемоглобин (Hb) деңгейі:ерлерде: 130–160 г/л, әйелдерде: 120–140 г/л.Гемоглобин деңгейінің төмендеуіне байланысты анемияның ауырлық дәрежесінің үш түрі ажыратылады:жеңіл — гемоглобин деңгейі 90 г/л-ден жоғары; орташа — гемоглобин деңгейі 90 мен 70 г/л аралығында, ауыр — гемоглобин деңгейі 70 г/л-ден төмен. Ағзаның темірге деген тәуліктік қажеттілігі 8-ден 18 мг-ға дейін болады және ол жасқа, жынысқа, зат алмасу ерекшеліктеріне әрі физикалық белсенділік деңгейіне байланысты өзгереді.                       

       Темір тапшылығы қалай пайда болады?-Темір тапшылығы (немесе сидеропения) кенеттен пайда болмайды.  Уақыт өте  ағзаның темірге деген қажеттілігі мен гемоглобиннің тиісті деңгейін ұстап тұру қабілеті арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Темір тапшылығы анемиясының (ТТА) ең көп таралған себептері: қан жоғалту,  созылмалы жасырын асқазан-ішек қан кетуі, әйелдерде етеккір кезінде қатты қан кету, жиі қан кететін геморрой және т.б. Тағамдық темір тапшылығы. Ет, балық, бұршақ тұқымдастар және жапырақты көкөністер сияқты темірге бай тағамдардың немесе вегетариандық диетаның болмауы. Қалыпты тамақтану кезінде де темір көздері шектеулі болса, организм қажетті гемоглобин деңгейін сақтай алмайды. Ас қортудың  бұзылуы  асқазан мен аш ішек аурулары, ішектің резекциясы (яғни темірдің сіңірілуіне кедергі келтіретін жағдайлар).Темірге деген қажеттілік балалардың қарқынды өсу кезеңі, жүктілік немесе бала емізу, ауыр физикалық жұмыс, қарқынды спорттық жаттығулар кезінде артады.

       Темір тапшылығы анемиясының белгілері қандай?-Аурудың дамуын бастапқы кезде  анықтау іс жүзінде мүмкін емес, себебі  жасырын темір тапшылығының  көбінесе ешқандай белгісі болмайды. Тіпті сүйек кемігіндегі осы микроэлементтің қоры азая бастаған кезде де, қандағы гемоглобин деңгейі қалыпты шекте сақталады. Бұл кезеңде ағза газ алмасу процесін қамтамасыз ету үшін өзінің темір қорын пайдалануға мәжбүр болады. Алайда,  темір тапшылығының себебі уақтылы жойылмаса, ағзадағы темір қоры біртіндеп таусылып, эритроциттердегі гемоглобин деңгейі төмендей бастайды.  Бұл оттегінің жетіспеушілігінен тіндердегі зат алмасу процестерінің бұзылуына әкеледі. Осылайша  анемия  темір тапшылығының соңғы сатысы болып табылады. Жеңіл сатысы: ағза темір тапшылығын әлі де еңсере алады, ал симптомдар әдетте анық байқалмайды аздаған әлсіздік, тез шаршау және физикалық жүктемені нашар көтеру сезіледі. Сыртқы белгілерге тырнақтың сынуы, шаштың түсуі және терінің құрғақтығы жатады.Орташа ауырлық дәрежесі: оттегі жетіспеушілігінің белгілері байқалады. Жүргенде және жеңіл физикалық жүктеме кезінде үнемі шаршау, ентігу және жүрек соғуының жиілеуі білінеді. Тері бозарып,  құрғайды.  Шаш жылтырлығын жоғалтып, түсе бастайды. Ал тырнақтарда көлденең жолақтар пайда болып, олар сынғыш келеді. Басқа белгілерге дәм сезудің бұзылуы, ауыз қуысының жарылуы және тәбеттің төмендеуі жатады.Ауыр кезең: бұл кезеңде барлық мүшелер мен тіндердегі зат алмасу процестері қатты бұзылады. Созылмалы оттегі жетіспеушілігі (гипоксия) жүрек жұмысына кері әсер етеді, өйткені тіндердегі оттегі тапшылығын өтеу үшін жүрек күшейтілген режимде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Салдарынан миокард зақымданып, тахикардия, аритмия және жүрек жеткіліксіздігі сияқты жағдайлар дамиды. Ми да зардап шегеді. Еңбекке қабілеттілік төмендейді, науқаста жиі бас айналу, бас ауруы, құлақтағы шу және ұйқының бұзылуы байқалады. Сондай-ақ естен тану және депрессия жағдайлары да орын алуы мүмкін.    Анемия барлық созылмалы аурулардың ағымын нашарлатады. Зат алмасудың бұзылуы асқазан-ішек жолдары жасушаларының атрофиясына әкеледі.  Бұл ас қорыту мен сіңіру процестерінің бұзылуына себеп болады. Ағза қажетті микроэлементтерді (соның ішінде темірді) және басқа да қоректік заттарды ала алмай қалады  сөйтіп,  темір тапшылығы одан әрі ушыға түседі. Осылайша тұйық шеңбер қалыптасады: темір тапшылығы атрофиялық процестерді қоздырады, ал бұл темір тапшылығы анемиясының және оның асқынуларының өршуіне әкеледі. Ауруды анықтау  үшін тек уақтылы дәрігерге қаралу қажет.   

       Темір тапшылығы анемиясын қалай анықтайсыздар?1.Науқаспен әңгімелесу және анамнез жинау (ауру тарихы мен жалпы медициналық тарихты қоса алғанда).2.Зертханалық талдаулар. Қанның жалпы талдауы гемоглобин деңгейін, сондай-ақ эритроциттердің санын, көлемі мен түсін көрсетеді. Басқа талдаулар ферритин, трансферрин және сарысулық темір деңгейлерін, сондай-ақ темірді байланыстырудың жалпы қабілетін (TIBC) анықтайды.3.Ас қорыту жолдары мен басқа да мүшелерді тексеру. Бұл мақсатта эндоскопия, рентгендік зерттеу және құрсақ қуысының ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ) сияқты әртүрлі әдістер қолданылады.                              

       Анемия кімдер үшін қаупті?-Темір тапшылығы анемиясы кез келген жастағы және жыныстағы адамдарда дамуы мүмкін, алайда белгілі бір топтарда қауіп  жоғары болады. Олар:әйелдер (етекір кезіндегі қан жоғалту, жүктілік және бала емізуге байланысты),  жас балалар мен жасөспірімдер (қарқынды өсуге байланысты),егде жастағы адамдар (ішекте темірдің сіңуінің төмендеуіне және басқа да созылмалы аурулардың болуына байланысты), вегетариандар және тағам түрлері шектеулі қатаң диета ұстанатын адамдар.            

       Темір тапшылығы анемиясының алдын алуға бола ма? -Жыл сайынғы медициналық тексеруден өтіп, қан талдауының нәтижелерін қадағалап отыру.  Құрамында ақуыз, темір және басқа да маңызды қоректік заттар жеткілікті болатындай дұрыс тамақтану. Ағзадағы қан жоғалту жағдайларын дер кезінде анықтап, емдеу шараларын қолға алу. Дене шынықтырумен айналысу, таза ауада серуендеу және салауатты өмір салтын ұстану.  Қауіп жоғары топқа  жататын адамдар (қан донорлары, балалар, спортшылар, жүкті және бала емізетін әйелдер, сондай-ақ етеккірі мол немесе ұзаққа созылатын әйелдер) дәрігердің тағайындауы бойынша темір препараттарын қабылдауы қажет. Ұлттық госпитальдің журналисіЖазира Зәкірқызы

 

 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите