Алматыда бес жаңа тегін мұз айдыны ашылады

Алматыда бес жаңа тегін мұз айдыны ашылады

фото: aqshamnews.kz

       Алматыда 2026–2027 жылғы қысқы маусымда 19 ашық мұз айдынын іске қосу жоспарланып отыр. Оның 12-сі тұрғындар мен қала қонақтары үшін тегін болады. Мұз айдындары шаһардың сегіз ауданында орналасады, деп хабарлайды қалалық Спорт басқармасы.

       Мұз айдындары саябақтарда, спорт ареналарының маңында, сауда орталықтары мен тұрғын алаптарда жабдықталады. Олардың жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Биыл алғаш рет бес тегін мұз айдыны Flow Park аумағында, Алматы ипподромында, Шұғыла шағынауданындағы №221 мектепте, Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта және "Сұңқар" шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде ашылады.

       Қысқы сырғанау алаңдары қаланың мына орындарында орналасады:

   Алатау ауданы – "Алматы Арена" аумағында;
   Алмалы ауданы – ҚБТУ аумағында;
   Әуезов ауданы – Family Park саябағында;
   Бостандық ауданы – Тұңғыш Президент қорының Ганди көшесіндегі саябағында, Flow Park-та, "Сұңқар" шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде, Esentai Mall, Villa Boutiques & Restaurants және MEGA Alma-Ata сауда орталықтарында;
   Жетісу ауданы – Алматы ипподромында және Көкжиек шағынауданындағы Kokjiek Garden аумағында;
   Медеу ауданы – "Терренкур" саябағында, "Халық Аренада", 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта, Dostyk Plaza сауда орталығында, Haragun ат клубында және Орталық мәдениет және демалыс саябағында;
   Наурызбай ауданы – Шұғыла шағынауданындағы №221 мектеп аумағында;
   Түрксіб ауданы – Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта.

       Мұз айдындарын желтоқсан айында ашу жоспарланған. Нақты мерзімі ауа райы жағдайына қарай белгіленеді.
Тегін мұз айдындары қай уақытта жұмыс істейді?

      Тегін мұз айдындарында сырғанау күн сайын сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін ұйымдастырылады. Күніне төрт сеанс өткізіліп, әрқайсысы 2,5 сағатқа созылады.

   10:00–12:30
   13:30–16:00
   17:00–19:30
   20:30–23:00

       Сеанстар арасындағы үзілістерде мұз келесі сырғанау уақытына дайындалады. Келушілер мұз айдындарында өз конькиімен тегін сырғана алады. Сондай-ақ конькиді ақылы түрде жалға алу мүмкіндігі қарастырылған. Жалға алу құнын қызмет көрсетуші ұйымдар белгілейді.

       https://informburo.kz/kaz

 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите