Көзге көрінбейтін қауіп:саңырауқұлақ инфекциясынан қалай қорғанамыз

Көзге көрінбейтін қауіп:саңырауқұлақ инфекциясынан қалай қорғанамыз

фото: mydocclinic.ru

Саңырауқұлақ — тері мен тырнақта жиі кездесетін инфекциялық  ауру түрі. Оны анықтау мен алдын алу жайлы Ұлттық госпитальдің косметолог- дерматовенеролог дәрігері  Мухаббат Насыровадан білген едік.

Саңырауқұлақ инфекциялары қалай және неліктен пайда болады?

-Саңырауқұлақ инфекциялары (немесе микоздар) — саңырауқұлақтардың әртүрлі түрлері тудыратын жұқпалы аурулар. Олар теріге, тырнақтарға және шашқа зақым келтіруі мүмкін, ал саңырауқұлақтардың кейбір түрлері шырышты қабықтарға да әсер етеді. Инфекция көбінесе  жұқтырған адаммен немесе жануармен байланыста болғанда  яғни ортақ сүлгілер, аяқ киім, тарақтарды немесе маникюр құралдарын пайдалану арқылы жұғады.Қоғамдық душ бөлмелерінде, жүзу бассейндерінде және киім ауыстыратын бөлмелерде ластанған нәрселерге  жанасу арқылы беріледі. Инфекцияның дамуына ықпал ететін факторлар: шамадан тыс терлеу, терінің үнемі ылғалды болуы, тар аяқ киім, терідегі ұсақ жарақаттар және белгілі бір созылмалы аурулар. Саңырауқұлақ инфекциясы кез келген адамға, тіпті жеке гигиенаны өте жақсы сақтайтын адамдарға да жұғуы мүмкін екенін білген жөн. 

Саңырауқұлақ инфекцияларының қандай түрлері бар және олар қай жерлерде кездеседі?

-Дерматологияда микоздардың (саңырауқұлақ инфекцияларының) жиі кездесетін бірнеше түрі бар. Дене терісінің саңырауқұлақ инфекциясы (tinea corporis) — дөңгелек дақтар, қабыршықтану, қызару және қышу түрінде көрінуі мүмкін. Аяқ терісінің саңырауқұлақ инфекциясы — қабыршықтану, жарықтар, қышу, ал кейде (әсіресе саусақ араларында) сулы көпіршіктердің пайда болуы. Онихомикоз — тырнақтардың саңырауқұлақ инфекциясы. Бұл кезде тырнақ пластинасының түсі өзгеруі, қалыңдауы, сынғыш болуы немесе орнынан ажырап түсуі мүмкін.  Бас терісінің саңырауқұлақ инфекциясы — қабыршықтануға, шаштың сынғыштығына, сондай-ақ шаштың сиреуіне немесе түсіп қалуына әкеледі. Ал тері мен тері қатпарларының кандидозы әдетте ылғалдылық жоғары және үйкеліс жиі болатын аймақтарда — мысалы, сүт бездерінің астында, шап аймағында немесе басқа да тері қатпарларында кездеседі. Аурудың клиникалық көрінісі қоздырушының түріне, инфекцияның орналасқан жеріне және адамның жалпы денсаулық жағдайына байланысты болады. Сондықтан, кейде терінің сыдырылуы немесе тырнақтардың өзгеруі  саңырауқұлақ инфекциясының белгісі бола бермейді.

Саңырауқұлақ инфекциялары көбінесе қай жаста жиі кездеседі? Бұл туралы статистикалық деректер бар ма?

-Кез келген жастағы адамдарда саңырауқұлақ инфекциялары пайда болуы мүмкін  дегенмен,  кейбір түрлері белгілі бір жасқа байланысты  жиі кездеседі. Балаларда тері мен бас терісінің саңырауқұлақ инфекциялары  көбінесе жұқтырған жануарларды ұстаған кезде пайда болады.Ересектерде аяқ саңырауқұлағы және онихомикоз (тырнақ саңырауқұлағы)  диагноз жиі қойылады. Тырнақ инфекцияларының қаупі жас ұлғайған сайын, сондай-ақ қант диабеті, қан айналымының бұзылуы және басқа да аурулар болған кезде көбейе түседі.Ал статистикаға келетін болсақ, өзімде  мұндай деректер жоқ  дегенмен, менің клиникалық тәжірибемде дерматоздың ең көп таралған түрі жиі кездеседі.

Саңырауқұлақ инфекциясын  аллергиядан қалай ажыратуға болады?

-Бұл – ең маңызды сұрақтардың бірі! Терідегі саңырауқұлақ инфекциясы экземаға, дерматитке, псориазға немесе аллергиялық реакцияға ұқсас болуы мүмкін. Саңырауқұлақ инфекциясының белгілеріне мыналар жатады:шеттері қабыршақтанған дөңгелек дақтар,зақымданған аймақтың біртіндеп ұлғаюы, аяқ саусақтарының арасындағы қышыну және қабыршақтану, тырнақтардың түсінің, қалыңдығының немесе құрылымының өзгеруі, шаштың сынғыш болуы және бас терісінде қабыршақты дақтардың пайда болуы.Дегенмен, кейде тек сыртқы түріне қарап нақты диагнозқою мүмкін емес. Диагнозды растау үшін дерматолог, нақты жағдайға байланысты, тері немесе тырнақтан алынған қырындыны микроскоп арқылы тексеруді, дақылдық зерттеуді (посев) немесе басқа да зертханалық талдауларды тағайындауы мүмкін. Белгісіз бөртпеге гормоналды жақпа майларды өз бетіңізше қолданбаңыз. Егер ол  саңырауқұлақ инфекциясы болса, мұндай өнімдер оның клиникалық көрінісін өзгертіп, жағдайды нашарлатуы мүмкін.Басты ереже: алдымен диагноз қойыңыз, содан кейін дәрігердің кеңесімен  емдеуді бастаңыз. 

Саңырауқұлақ инфекцияларының  қалай алдын алуға болады?

-Алдын алу күнделікті қарапайым әдеттерден басталады:шомылғаннан  кейін теріңізді, әсіресе саусақтардың арасын және тері қатпарларын мұқият құрғатыңыз. Бассейндерде, қоғамдық душтарда немесе киім ауыстыратын бөлмелерде тек өз аяқ киіміңізді киіңіз. Сүлгілерді, аяқ киімдерді, шұлықтарды, тарақтар мен маникюр құралдарын басқаларға  бермеңіз. Шұлықтарыңызды жиі ауыстырып тұрыңыз.  Өлшемі аяғыңызға дұрыс келетін аяқ киім таңдаңыз және оның  ылғалды болмауына мән беріңіз.Аяқ тырнақтарыңыз бен табаныңыздағы терінің жағдайын қадағалап жүріңіз.Жануарларды ұстағаннан  кейін қолыңызды жуыңыз. Егер үй жануарыңыздың жүні түсіп, терісі қабыршықтана бастаса, ветеринарға апарыңыз.  Маникюр немесе педикюр жасату үшін сұлулық салондарына барған кезде, қолданылатын құралдардың құрғақ ыстық ауамен залалсыздандырғышта (стерилизаторда) өңделгеніне көз жеткізіңіз. Егер теріңізде немесе тырнақтарыңызда қандай да бір күдікті өзгерістер байқасаңыз, дереу дерматологқа жүгініңіз.Ең бастысы — өз бетіңізше емделмеңіз!  Дәрі-дәрмектерді дұрыс қолданбау диагноз қоюды қиындатып, аурудың ұзаққа созылуына әкелуі мүмкін.Есіңізде болсын! Теріңіздің саулығы дәріханадан кездейсоқ таңдалған алғашқы жақпамайды сатып алудан емес, нақты диагноз қоюдан басталады. 

Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкырқызы 

 

 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите