Қазақ әні әлемді әуезіне бөлейді

Қазақ әні әлемді әуезіне бөлейді

фото: ortcom.kz

       Биыл Түркістанда қазақ әнін орындаушылардың халықаралық фестивалі жетінші рет өтеді. Өнер додасына Франция, Испания, Италия, Бразилия, Мексика, Грузия, Армения, Куба, Индонезия және басқа да елдерден келген өнерпаздар қатысады. Фестивальдің басты мақсаты – қазақ музыкасын халықаралық деңгейде насихаттап, Ұлы даланың ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару.

       Жобаның ерекшелігі – бұл кәсіби вокалшылар арасындағы байқау емес. Мұнда қатысушылар халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындайды. Яғни, әншінің дауыс мүмкіндігінен гөрі, қазақ әнін жүрекпен сезініп, тыңдарманға шынайы жеткізе білуіне мән беріледі.

       Фестиваль 25 қыркүйекте «Zhibek zholy әуендері» гала-концертімен басталады. Кеште Қырғызстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Тыва, Қарақалпақстан және Өзбекстаннан келген әншілер, сондай-ақ қазақстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.

       Ал 26 қыркүйекте фестивальдің салтанатты ашылуы және «Жұлдызды жұп» кезеңі өтеді. Шетелдік қатысушылар қазақстандық өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін және заманауи шығармаларды орындайды. 27 қыркүйекте негізгі «Қазақ әні» байқауы ұйымдастырылып, өнерпаздар халық әндері мен композиторлар туындыларын қазылар алқасы мен көрерменге ұсынады.

       Үш күнге жоспарланған мәдени бағдарлама мұнымен шектелмейді. Фестиваль аясында қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі және өзге де мәдени шаралар өтеді. Бұл – қазақ әнін ғана емес, Ұлы дала мәдениетін халықаралық деңгейде танытатын өнер мерекесі болмақ.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите