Мектепке жасанды интеллект келді

Мектепке жасанды интеллект келді

фото: www.instagram.com

       Елімізде мектеп бағдарламасы заман талабына сай жаңартылып жатыр. Бұл жолы өзгерістердің өзегі – жасанды интеллект. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, технологиялардың қарқынды дамуы мен еңбек нарығындағы жаңа талаптарға байланысты мектеп пәндерінің мазмұны қайта қаралып, оқушыларды цифрлық дәуірге бейімдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

       Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагогтердің республикалық тамыз конференциясында берген тапсырмасынан кейін қолға алынған. Кейін жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуге қатысты заң мен Президент Жарлығы қабылданып, жаңашылдықтың құқықтық негізі бекітілді.

       Жаңартылған бағдарламаға сәйкес, бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні енді «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп аталады. Ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» атауына өзгерді. Алайда жаңалық тек атаумен шектелмейді. Пәндердің мазмұнына жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер мен ондаған оқу мақсаты енгізілген.

       Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектінің қарапайым мүмкіндіктерімен танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және интернеттегі жауапты әрекет ету дағдыларын меңгереді. Орта буын оқушылары жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, дұрыс сұраныс құрастыру, алынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын үйренеді.

       Ал жоғары сыныптарда жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттары тереңірек оқытылады. Оқушылар машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздерімен танысып, бұл білімді тәжірибеде қолдануға машықтанады. Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында сынақтан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған.

       Сондай-ақ мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр. Оның мақсаты – білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру. Осылайша, мектеп бағдарламасындағы жаңа өзгерістер оқушыларды тек технологияны қолдануға ғана емес, оны жауапкершілікпен әрі саналы пайдалануға баулуды көздейді.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите