Әлеуметтік желілерде АҚШ визасын алу тәртібі туралы кеңінен тараған бейнеролик көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Видеода өзін АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы ретінде таныстырған азамат визадан бас тартудың себептері мен сұхбат өткізу ерекшеліктері жайлы әңгімелеген. Алайда АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме беріп, бірқатар мәліметке нақтылау енгізді.
Консулдықтың баспасөз қызметінің мәліметінше, АҚШ визасына өтініш берген әрбір азаматтың құжаттары мен деректері қолжетімді ақпараттың барлығы негізінде мұқият зерделенеді. Негізгі мақсат – өтініш иесінің АҚШ-қа кіруге заңды құқығы бар-жоғын, иммиграциялық талаптарды сақтайтынын және елдің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін анықтау.
Сонымен қатар, дипломатиялық өкілдік тексеру рәсімі визаны алғаннан кейін де жалғасуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл АҚШ-тың көші-қон және ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізілетін қалыпты тәжірибе саналады.
Консулдық азаматтарға АҚШ визасын рәсімдеуге қатысты мәліметтерді тек ресми ақпарат көздерінен алуға кеңес береді. Атап айтқанда, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайты мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және Алматыдағы Бас консулдығының ресми ресурстарында жарияланған ақпаратқа сүйену ұсынылады.
Визалық сұхбат туралы не айтылды?
Талқылауға себеп болған бейнероликте визалық сұхбаттың көбіне бірнеше минутқа ғана созылатыны және шешім қабылдау барысында өтініш берушінің жауаптарына ерекше мән берілетіні айтылған.
Сондай-ақ шынайы әрі нақты ақпарат беру визаны рәсімдеудегі маңызды талаптардың бірі екені көрсетілген. Ал жалған мәлімет беру немесе қолдан жасалған құжат ұсыну виза беруден бас тартуға, кейбір жағдайларда АҚШ-қа кіруге ұзақ мерзімді немесе өмір бойғы шектеу қойылуына әкелуі мүмкін екені ескертілген.
Әлеуметтік желідегі пікірлер әртүрлі
Видео жарияланғаннан кейін көптеген қолданушы өз тәжірибесімен бөлісті. Бірі сұхбат кезінде бірнеше ғана сұрақ қойылғанын және ешқандай қосымша құжат талап етілмегенін айтса, енді бірі керісінше, құжаттарының жан-жақты тексерілгенін жеткізген. Кейбір пікірлерде виза беру немесе бермеу туралы шешім сұхбат басталғанға дейін-ақ қабылданғандай әсер қалдырғаны жазылған.
Бейнероликтің түпнұсқасы қайдан шыққан?
Зерттеу барысында бейнероликтің АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығына қатысы жоқ екені анықталды. Оның түпнұсқасы өткен жылы АҚШ-тың Ганадағы елшілігі ұйымдастырған кездесуден кейін жарияланған. Видеода сол кездегі АҚШ-тың Ганадағы Бас консулы Эллиот Фертик сөз сөйлеп, жалпы визалық рәсімдер туралы түсініктеме берген.
Сондықтан АҚШ визасын алу тәртібіне қатысты ақпаратты әлеуметтік желідегі бейресми жазбалардан емес, тек ресми мемлекеттік ақпарат көздерінен алған жөн.