Жол тәртібін күшейтудің жаңа тетігі

Жол тәртібін күшейтудің жаңа тетігі

фото: opennews.kz

       Қазақстанда жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге арналған жаңа балдық жүйе пилоттық режимде сынақтан өткізілуде. Жоба Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр.

       Жаңа тәртіп бойынша әрбір құқықбұзушылық үшін жүргізушіге айыппұлмен қатар 1-ден 3 балға дейін есептеледі. Балл саны жасалған құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді.

       Мамандардың айтуынша, бұл жүйенің негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, жолдағы тәртіп пен жауапкершілікті арттыру. Осы арқылы жүргізушілердің ереже сақтауға деген мәдениетін қалыптастыру көзделген.

       Қазіргі таңда жоба сынақ кезеңінде болғандықтан, жиналған балдарға байланысты ешқандай шектеу немесе жаза қолданылмайды. Жүйенің тиімділігі мен жұмыс сапасы ғана бағалануда.

       Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, айыппұл балдары сот шешімі немесе тиісті қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есепке алынады. Бұл азаматтардың өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік береді.

       Ұсынылып отырған тәртіпке сәйкес, бір жыл ішінде 20 балл жинаған жүргізуші көлік басқару құқығынан 12 айға айырылуы мүмкін. Балдық жүйені толық енгізу туралы түпкілікті шешім пилоттық жоба қорытындысынан кейін қабылданады.

Подписаться