Халықаралық олимпиададағы тарихи жеңіс

Халықаралық олимпиададағы тарихи жеңіс

фото: aqshamnews.kz

       Алматылық оқушылар халықаралық білім бәйгесінде тағы бір мәрте ел абыройын асқақтатты. №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің шәкірттері Түркияның Анталия қаласында өткен  халықаралық математика олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетті.

       Білім  додасына Қазақстанмен қатар Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Беларусь, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Германия, Польша, Франция, Индонезия, Армения және Кипрден келген дарынды оқушылар қатысты. Барлығы 18 елден 6 мыңға жуық қатысушы бақ сынап, олардың 570-і ғана финалдық кезеңге жолдама алған.

       Осы халықаралық олимпиадада Алматы қаласындағы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің  3–6 сыныптарында білім алатын 16 оқушысы түгелдей жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жас математиктер қоржынға  6 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль салып, Қазақстанның білім саласындағы жетістіктерін тағы бір мәрте әлемге танытты.

       Айта кетейік, бұған дейін де қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен халықаралық робототехника турнирлерінде топ жарып, ел мерейін үстем еткен болатын.

       Білім мен ғылымда биік белестерді бағындырып жүрген дарынды жастарымыздың жеңісі құтты болсын!

Подписаться