Енді балалар ата-анасыз жол жүруі үшін нотариустың жазбаша келісімі қажет

Енді балалар ата-анасыз жол жүруі үшін нотариустың жазбаша келісімі қажет

фото: Сапалы Қазақстан/ЖИ

Қазақстанда 27 қарашадан бастап балаларды халықаралық және облысаралық қалааралық автобустармен тасымалдаудың жаңа талаптары күшіне енеді. Енді 7–16 жас аралығындағы балалардың ата-анасыз жол жүруі үшін нотариус куәландырған жазбаша келісім қажет. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа тәртіп Көлік министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 10 қарашадағы бұйрығымен бекітілген. Құжатта кәмелетке толмаған жолаушыларды автобусқа отырғызу, олардың өз бетінше сапарға шығуы және қажет құжаттарды тексеру тәртібі нақтыланған.

Қай жастағы балалар жалғыз жол жүре алады?

Жаңа ережеге сәйкес, 16 жасқа толмаған балалар халықаралық және облысаралық қалааралық автобустарда ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге жүруі керек.

Алайда 7–16 жас аралығындағы балаларға өз бетінше сапарға шығуға рұқсат етіледі. Ол үшін ата-анасының бірінің немесе заңды өкілінің нотариус куәландырған жазбаша келісімі болуы керек.

Ал 16 жасқа толған жасөспірімдер аталған бағыттарда ата-анасының немесе заңды өкілінсіз жол жүре алады.

Автобусқа мінерде қандай құжат сұралады?

Ата-анасыз сапарға шығатын 7–16 жас аралығындағы балалар автобусқа отырғанда жүргізушіге немесе тасымалдаушы өкіліне нотариус куәландырған келісімді көрсетуге тиіс.

Құжатты екі түрде ұсынуға болады:

  • нотариус куәландырған жазбаша келісімнің түпнұсқасы;
  • цифрлық құжаттар сервисіндегі электрон нұсқасы.

Қажет келісім болмаса, баланың жанында ересек адам болмаса, бала автобусқа міне алмайды.

Түнде балаларға жалғыз жол жүруге бола ма?

Жаңа талаптарда түнгі уақытқа қатысты шектеу де көрсетілген.

ҚР «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңының 36-бабы 5-тармағына сәйкес, сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмаған балаларды ересектердің еріп жүруінсіз тасымалдауға болмайды.

Бұл шектеу 16 жасқа толған, бірақ әлі кәмелетке жетпеген жасөспірімдерге де қатысты.

Яғни күндіз өз бетінше жол жүруге рұқсаты бар бала түнгі уақытта ересек адамсыз жол жүре алмайды.

Автобустардың сыртқы көрінісіне де талап қойылады

Өзгерістер қалалық және қала маңындағы тұрақты бағыттарға жүретін автобустар мен шағын автобустарға да қатысты.

Енді маршрут нөмірі көліктің алдыңғы және артқы жағына ілінуге тиіс.

Нөмір ашық сары фонда қара түспен жазылады. Цифрлардың биіктігі кемінде 120 миллиметр болуы керек.

Ал экспресс бағыттарда маршрут нөмірінің астына қызыл түспен жазылған «Экспресс» деген жазу қойылады. Әріптердің биіктігі кемінде 60 миллиметр болуы қажет.

 

Материал baribar.kz сайтынан алынды. 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите