Қуыршақ театрының жеңісті жолы

Қуыршақ театрының жеңісті жолы

фото: informburo.kz

        Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театры қай елде, қай сахнада өнер көрсетсе де, кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп келеді. Халықаралық фестивальдерден жүлдесіз оралмайтын өнер ұжымы бұл жолы Румынияда өткен беделді «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалінде Қазақстанның мәдени әлеуетін таныстырып қайтты.

       Фестиваль аясында театр ұжымы Уильям Шекспирдің әйгілі шығармасы негізінде сахналанған «Ромео мен Джульетта» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Әлемнің 28 елінен келген ондаған театр бас қосқан өнер мерекесінде қазақ тілінде қойылған қойылым шетелдік көрермендер мен театр сыншыларының жоғары бағасына ие болды. Лық толы зал мен ұзаққа созылған қошемет қазақстандық өнерпаздардың шеберлігіне берілген әділ баға болды.

       Айта кетейік, бұл спектакль бұған дейін де Франция, Канада, Болгария, Түркия және өзге де елдердегі халықаралық фестивальдерде табысты көрсетіліп, бірқатар беделді марапаттарды иеленген. Осылайша Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театры ұлттық өнердің мерейін асырып, Қазақстан мәдениетін әлемдік сахнада лайықты танытып келеді.

       Фестиваль қорытындысында театр әртістерінің өнері ерекше аталып өтіп, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, ұжым алдағы уақытта өтетін тағы бір халықаралық театр фестиваліне арнайы шақырту алды.

       Осылайша, қазақ өнерін әлемге танытып жүрген Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театры жаңа белестерді бағындыруды жалғастырып келеді. Өнер сапарының әрқайсысы жаңа жетістікпен өріліп, ұлттық мәдениеттің абыройын асқақтата түсуде.

Подписаться