Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан рейтингтік турнирде Қазақстан құрамасының балуандары ел намысын абыроймен қорғап жатыр.
Грек-рим күресінен 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрасыл Аманалы жарыс барысында жоғары шеберлік танытып, финалдық кезеңге дейін сүрінбей жетті.
Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде қазақстандық балуан Үндістан өкілі Нитешпен күш сынасты. Кездесу аса тартысты әрі қызықты өрбіді.
Нәтижесінде үндістандық спортшы 13:9 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанса, Нұрасыл Аманалы турнирдің күміс жүлдесін иеленді.
Бұл жетістік қазақстандық күрес мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, халықаралық аренадағы табысты нәтижелердің қатарын толықтырды.
Ал 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль үшін белдескен Сұлтан Әсетұлы Қырғызстан спортшысы Жанторо Мирзалиевтен жеңіліп, жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Спортшыларымызға алдағы жарыстарда толағай табыс тілейміз.