Әлемдік рейтинг: Қазақстанның бейбіт келбеті

Әлемдік рейтинг: Қазақстанның бейбіт келбеті

фото: dknews.kz

       Халықаралық сарапшылар жариялаған 2026 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексінде Қазақстан өз көрсеткішін жақсартып, бес сатыға жоғарылап, әлемнің ең бейбіт елдері арасынан 44-орынға тұрақтады. Осылайша еліміз дүниежүзіндегі ең қауіпсіз әрі тұрақты елу мемлекеттің қатарына енді.

       Рейтингті әзірлеген Экономика және бейбітшілік институты 163 мемлекетті қоғамдық қауіпсіздік, қылмыс деңгейі, ішкі тұрақтылық және әскери шығындар секілді жиырмадан астам көрсеткіш бойынша саралаған. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы тұрақтылық пен қоғамдық келісім халықаралық деңгейде оң нәтижесін көрсетіп отыр.

       Орталық Азия елдері арасында Өзбекстан 37-орынмен алда тұрса, Қазақстан өңірдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі ретінде өз позициясын сақтап қалды. Ал Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан рейтингтің кейінгі орындарына жайғасқан.

       Биылғы жаһандық тізімде Исландия, Жаңа Зеландия және Швейцария ең бейбіт мемлекеттер ретінде көш бастады. Мамандар мұндай зерттеулер елдердің тек экономикалық әлеуетін ғана емес, қоғамдағы сенім мен тұрақтылық деңгейін де айқындайтынын айтады.

       Халықаралық рейтингтердегі мұндай оң өзгерістер Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, елдің бейбітшілік пен қоғамдық келісімді басты құндылық ретінде ұстанатынын тағы бір мәрте аңғартты.

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите