Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы жаңартылған әлемнің үздік боксшылары рейтингінде (P4P) мексикалық Сауль «Канело» Альварестен жоғары тұр. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
WBO орта салмақтағы чемпион атағын иеленген Әлімханұлы рейтингте алтыншы орынға жайғасқан, ал «Канело» сегізінші орында. Қазақстан боксшысы рейтингтің алдыңғы нұсқасында бесінші орында болған, бірақ ресейлік жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі Дмитрий Бивол оны артта қалдырды.
Жәнібектің кәсіби рекорды әлі де мінсіз — 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен. Соңғы жекпе-жегінде ол 2025 жылғы сәуірде француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені техникалық нокаутпен жеңген. Қазіргі уақытта Әлімханұлы оң допинг-тест нәтижесіне байланысты жарыстардан уақытша шеттетілген, бірақ WBO оның әлем чемпионы мәртебесін сақтап отыр.
Сауль «Канело» Альварес болса, америкалық Теренс Кроуфордан жеңіліп, суперорта салмақтағы барлық чемпиондық атақтарын жоғалтқаннан кейін рингке оралуға дайындалып жатыр. 2025 жылғы қыркүйекте «Канело» төрешілердің бір дауыспен қабылдаған шешімінен кейін жеңілген, сол оқиғадан соң шынтағына ота жасатып, демалыс алған.
Boxing Metrics рейтингіндегі P4P топ-10:
- Наоя Иноуэ — 33-0
- Александр Усик — 24-0
- Теренс Кроуфорд — 42-0
- Шакур Стивенсон — 25-0
- Дмитрий Бивол — 24-1
- Жәнібек Әлімханұлы — 17-0
- Джай Опетая — 30-0
- Сауль «Канело» Альварес — 63-3-2
- Давид Бенавидес — 32-0
- Джесси Родригес — 23-0