Қазақстанда ауыл саны азайды

Қазақстанда ауыл саны азайды

фото: www.inbusiness.kz

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков редакциямыздың ауылдарды дамытуға қатысты сұрағына жауап берді.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елде ауылдық аймақтарды дамыту тұжырымдамасы жұмыс істеп жатыр. Оның аясында ауылдарды тек инфрақұрылыммен қамту емес, ауыл экономикасын дамытуға да басымдық беріліп отыр.

Бұған дейін “Ауыл – ел бесігі” және басқа да бағдарламалар арқылы ауылдарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлінді. Қазір ауыл экономикасын әртараптандыруға және тұрғындарды кәсіпке тартуға мән беріліп отыр, – деді Омарбеков.

Оның сөзінше, бұл бағытта «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі.

Несиелер ауыл шаруашылығы саласына да, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ кәсіп түрлеріне де ұсынылады. Сонымен қатар кепілзаты жоқ азаматтарға “Даму” қоры арқылы кепілдік беру тетіктері де қарастырылған, – деді вице-министр.

Омарбеков ауылдардың жабылу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, урбанизация процесі жүріп жатқаны рас, алайда ауылдан көшкен тұрғындардың бәрі бірдей мегаполистерге кетпейді.

Көшіп жатқан азаматтардың бір бөлігі аудан орталықтары мен ірі елді мекендерге қоныс аударып жатыр. Яғни, адамдар өз өңірінің ішінде қалып жатқан жағдайлар да бар, – деді ол.

Брифинг барысында журналист ауыл тұрғындарының жайылым мәселесін де көтерді. Көптеген тұрғындар мал жаюға арналған жер тапшылығына және айыппұлдарға шағымданатынын айтты.

Бұл сұраққа жауап берген вице-министр жайылым мәселесі негізінен Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне кіретінін атап өтті. Дегенмен әр ауылдың өзінің жайылым жоспары болатынын айтты.

Әр ауыл жайылым жоспарын әзірлеп, тиісті жерлерді бекітеді. Сонымен қатар Үкімет “AMANAT” партиясымен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге “Жер аманаты” жобасы аясында игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді Омарбеков.

Оның айтуынша, мемлекетке қайтарылған миллиондаған гектар жер қайтадан жайылым ретінде ауыл тұрғындарына беріліп жатыр.

Сондай-ақ вице-министр ауылдардың санына қатысты статистиканы да жариялады.

2025 жылдың басында Қазақстанда 6124 ауыл болды. Қазіргі таңда олардың саны 6092-ге жетті, – деді ол.

Яғни, бір жылдың ішінде елдегі ауылдар саны 30-дан астам елді мекенге азайған.

https://baq.kz/

Подписаться