Күнделікті тұрмыста біз дүкен сөрелерінен түрлі азық-түлік пен тұтыну тауарларын жиі сатып аламыз. Алайда көп жағдайда олардың сыртқы қаптамасындағы ақпаратқа терең үңіле бермейміз. Бұл – дұрыс емес. Себебі тауардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы негізгі мәліметтің барлығы дәл осы таңбалауда көрсетіледі.
Өнімді сатып алар алдында оның қаптамасында жазылған деректерге назар аудару – әрбір тұтынушының денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды қадам. Таңбалау – бұл тек жазу ғана емес, ол тауардың «төлқұжаты» іспетті. Онда өнімнің шыққан жері, құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және басқа да маңызды ақпарат беріледі.
Таңбалаудың негізгі міндеті – тұтынушыға өнім туралы толық әрі нақты мәлімет беру, сондай-ақ тауарды сәйкестендіру. Осы талаптардың барлығы Кеден одағының Техникалық регламентінің 022/2011 «Тағам өнімдерінің таңбалануы туралы» құжатында нақты көрсетілген.
Тамақ өнімдерінің таңбалануында міндетті түрде көрсетілуі тиіс ақпарат:
• өнімнің атауы;
• құрамы, дайындалған күні және жарамдылық мерзімі;
• өндірушінің сауда белгісі;
• өндіруші мен импорттаушының атауы және орналасқан жері;
• өнімнің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы;
• тауардың салмағы, көлемі немесе саны;
• генетикалық түрлендірілген ағзалардың (ГТА) бар-жоқтығы;
• Кеден одағына мүше елдер аумағында өнімнің айналымына рұқсат берілгенін білдіретін EAC белгісі.
Сонымен қатар таңбалау орыс тілінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тілде жазылуы тиіс.
Буып-түйілген өнімдерде қосымша ақпараттар да берілуі мүмкін. Мысалы, тауарлық белгі иесі, өнімнің шыққан жері, лицензия туралы деректер немесе ерікті сертификаттау белгілері.
Ескерту жазбалары – денсаулық қауіпсіздігі үшін
Құрамында кофеині жоғары алкогольсіз сусындардың қаптамасында арнайы ескерту жазбасы болуы тиіс. Мұндай өнімдерде:
«18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ жүйке жүйесі қозғыш, ұйқысыздық немесе артериалдық гипертензиясы бар адамдарға тұтыну ұсынылмайды» деген мәтін көрсетіледі.
Бұл талаптар тұтынушының денсаулығын қорғау мақсатында енгізілген.
Сауатты тұтынушы – қауіпсіз өнімді таңдайды
Егер сатып алмақ болған тауардың таңбалауы толық немесе түсініксіз болса, тұтынушы сатушыдан қосымша ақпарат сұрауға құқылы. Ал сатушы бұл ақпаратты толық әрі нақты беруге міндетті.
Өнімнің таңбалануымен мұқият танысу арқылы сіз бірінші көзге түскен тауарды емес, сапалы әрі қауіпсіз өнімді таңдайсыз. Бұл – өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараудың қарапайым әрі тиімді жолы.
Сапалы азық – денсаулық кепілі. Сондықтан әрбір сатып алу кезінде таңбалауға мән беруді ұмытпайық.
Алматы қаласы Түрксіб ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Мусаева Анель Берикбайқызы.