Қалпына келтірілген хумдар тарихқа жаңаша көзқарас ұсынды

Қалпына келтірілген хумдар тарихқа жаңаша көзқарас ұсынды

фото: https://commons.wikimedia.org

       Жақында  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне арналған мазмұнды мәдени шара өткізілді.

       Аталған іс-шара аясында «Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы хумдар – ежелгі өмір салтының куәсі» атты танымдық бағдарлама көпшілік назарына ұсынылып, музей-қорық мамандары қалпына келтірген көне қыш бұйымдар көрермендерге таныстырылды.

       Хумдар – V–VII ғасырлармен мерзімделетін ірі көлемді қыш ыдыстар. Олар сол заманда азық-түлікті ұзақ уақыт сақтауға және тасымалдауға пайдаланылған. Мұндай жәдігерлер ежелгі қоғамдағы шаруашылықтың даму деңгейін айқын көрсетіп қана қоймай, егіншілік, қолөнер және сауда байланыстарының қаншалықты өркендегенін де аңғартады.

       Көрермен қауым ежелгі қыш шеберлерінің жасау әдістерімен танысып, хумдардың түр-түрі мен олардың күнделікті тұрмыста атқарған қызметі жөнінде кең мағлұмат алды. Сонымен бірге «Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық» тапсырған сынықтар негізінде қайта қалпына келтірілген бұйымдардың реставрациялық үдерісі де көрсетілді.

       Таныстырылым барысында бұл көне жәдігерлердің Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени-экономикалық өзара ықпалдастықты зерттеудегі орны ерекше екені атап өтілді. Хумдар – ежелгі дәуірдің тұрмыс-тіршілігі мен рухани танымын паш ететін аса құнды тарихи мұра ретінде бағаланды.

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорының 

Бас қор сақтаушысы Айтқұлова Эльмира Әділбекқызы.

       

 

 

Подписаться