Австрияда балаларға арналған тағам өнімдерінің бірінен егеуқұйрықтарға қарсы қолданылатын улы зат табылғаны белгілі болды. Ұқсас жағдайлар Чехия мен Словакия аумағында да тіркелген, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Құзырлы органдардың мәліметінше, аталған өнімдер нарықтан алдын ала алынып тасталған. Тергеу барысында бұл жағдайға қатысты өндіруші тарапынан қауіпсіздік шаралары дер кезінде қабылданғаны айтылды.
Әңгіме немістің танымал HiPP бренді шығарған сәбіз және картоп пюресі салынған балалар тағамы туралы болып отыр. Алдын ала болжам бойынша, өнімнің құрамына әдейі араласу фактісі күдік тудырған. Осы себепті компания аталған партияны кері қайтарып алған. Қауіпті деп танылған тауарлар Австриядағы SPAR сауда желісіне қарасты мыңнан астам дүкенде сатылған.
Кейіннен дәл осындай күмәнді өнімдер Чехия мен Словакия нарықтарынан да табылғаны анықталды. Оқиғаны тергеу жұмыстарына Германияның құқық қорғау органдары да тартылған.
Полицияға түскен алғашқы хабарлама тұтынушылардың бірі тарапынан берілген. Ол 190 грамдық құтыдан күдікті белгі байқап, тексеріске жіберген. Зертханалық сараптама нәтижесінде өнімнен егеуқұйрық уының ізі табылғаны расталды.
Қазіргі таңда бұл оқиға қасақана жасалған әрекет немесе бопсалау мақсатындағы қылмыс болуы мүмкін деген нұсқалар қарастырылып жатыр. Құқық қорғау органдары тұрғындарды күмәнді өнімдерді пайдаланбауға шақырды.
Анықталған белгілер бойынша қауіпті өнімді тануға болады: ақ түсті жапсырмасында қызыл дөңгелек белгісі бар және қақпағы бүлінген немесе ашылған болуы мүмкін.
HiPP компаниясы өнімдерге сырттан араласу ықтималдығын жоққа шығармайтынын мәлімдеді. Олардың айтуынша, мәселе жеткізу тізбегіне жасалған заңсыз ықпалмен байланысты болуы ықтимал. Сонымен қатар, компания мұндай өнімді тұтыну адам өміріне қауіпті екенін ескертті.
Сатып алушыларға аталған өнімдерді қайтарған жағдайда толық өтемақы төленетіні хабарланды.
Соңғы кезеңде балалар тағамы саласында мұндай даулы жағдайлар жиілей түскен. Бұған дейін Nestlé, Danone және Lactalis сияқты халықаралық компаниялар да сапаға қатысты осындай сын мен тексерістерге тап болған.
Ақпарат дереккөзі:https://kaz.tengrinews.kz/