Мұны әрбір адам білуі тиіс. Заңгер жауабы

Мұны әрбір адам білуі тиіс. Заңгер жауабы

фото: Сапалы Қазақстан/ЖИ

Күнделікті өмірде әрбір адам заңға қатысты істермен бетпе-бет келеді — пәтер не автокөлік сатып алады, несие рәсімдейді, жұбайымен ажырасады, көршілерімен дауласады дегендей. Осындай жауапты сәтте әрбір адам нені ескеруі керек? «Сапалы Қазақстан» порталының тілшісіне  заңгер Меруерт Апрымова  қазақстандықтари білуі тиіс он  сұраққа қарапайым тілмен, заң терминдерінсіз жауап береді.

Фото: Меруерт Апрымованың жеке мұрағатынан. 

 Сұрақ: Несие бойынша қарызы бар азамат жалғыз пәтерінен айырылып қалмай ма?

 Заңгер жауабы:  Жалғыз баспананы алып қою қиынырақ, бірақ борышкердің өз баспанасынан айырылып қалатын жағдайлар да кездеседі. Егер пәтер ипотекада болса — банк сот арқылы алып қоюы мүмкін. Ал жай несие бойынша қарыз болса — пәтерге арест қоюы мүмкін, бірақ кепілде болмаса және нормадан аспаса сатуға болмайды. Ең бастысы — банктен қашпай, қайта құрылымдауға (реструктуризация) бару керек және келісім-шартты толық таныспай ештеңеге қол қоюға болмайды.

 Сұрақ: Пәтер сатып алғанда алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек?

  Заңгер жауабы: Міндетті түрде мынадай үш қадамды орындау керек. 1) eGov арқылы иесін тексеріңіз, арест / кепіл бар-жоғын қараңыз. 2) Басқа мұрагерлер мен кәмелетке толмаған меншік иелері бар-жоғын тексеріңіз. 3) Ақша — тек банк немесе нотариус арқылы берілуі тиіс, ешқашан қолма-қол «сеніммен» бермеңіз. Бағасы нарықтан қатты арзан болса — бұл әрдайым қауіп.

 Сұрақ: Ерлі-зайыптылар ажырасса ортақ мүлік қалай бөлінеді? Күйеуі не әйелі «пәтерді мен төледім, сондықтан менікі» деген талап қоя ала ма?

  Заңгер жауабы: Жоқ. Некеге тұрғаннан кейін сатып алынған дүниенің бәрі — ортақ, тіпті бір адам төлесе де. Тек мұраға, сыйлыққа берілген және некеге дейінгі алынған мүлік азаматтың өз атында қалады. Ипотекалық пәтер де, оның қарызы да бөлінеді. Сондықтан ажырасар алдында барлық мүлікті тіркеп алыңыз, сосын келісіңіз.

 Сұрақ: Бұрынғы күйеуі ресми жұмыс істемесе, одан алиментті қалай алуға болады?

  Заңгер жауабы: Алиментті сот арқылы тұрақты сомада өндіріп алуға болады. Сот жалақы туралы анықтамаға емес, нақты өмір салтына қарайды: яғни оның көлігі, жеке бизнесі, саяхатқа шыққаны есепке алынады.  Төлемесе — шоттарына арест қойылып, шетелге шығуына тыйым салынады. Төлемеу — бұл қылмыстық жауапкершілікке дейін барады.

 Сұрақ: Қызметкерді  себепсіз жұмыстан шығарса, оны «өз еркіммен» деп жазуға мәжбүрлесе жұмыс берушімен дауласуға бола ма?

 Заңгер жауабы:  Иә, егер мәжбүрлесе осындай қадамға баруға болады. Эмоциямен ештеңеге қол қоймаңыз. Сотқа жүгініп, жұмысқа қайта орналасуға 1 ай уақытыңыз бар. Жұмыс беруші мәжбүрлі демалыс уақыты үшін жалақы + өтемақы төлеуге міндетті. Әрдайым жұмыстан шығару туралы бұйрықты жазбаша сұраңыз.

 Сұрақ: Несие және банкроттық қарызды заңды түрде кешіруге бола ма?

Заңгер жауабы:  Қазақстанда банкроттықтың 3 түрі бар: соттан тыс — 5,5 млн теңгеге дейін, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Бірақ бұл «бәрін кешіру» деген сөз емес. 3 жыл несие алуға болмайды, мүлікті сатуы мүмкін. Банкроттық — соңғы қадам, алдымен қайта құрылымдауға тырысып көріңіз.

 Сұрақ: Азамат алданып алаяқтарға  ақшасын аударып қойса, қаржысын қайтара ала ма? Банк «өзіңіз кінәлісіз» десе, не істеуге болады?

 Заңгер жауабы:   1) Ең алдымен банкке қоңырау соғып картаны бұғаттау керек. 2) 24 сағат ішінде полицияға арыз жазу керек. 3) Барлық хат алмасу мен чектерді сақтау керек. Ақша әлі ары қарай кетпесе қайтаруға үміт бар. СМС-тегі кодты ешқашан айтпаңыз — бұл алаяқтықтың басты белгісі.

 Сұрақ: Полицей қарапайым азаматты тоқтатып, телефонын тексере ала ма?

 Заңгер жауабы:  Жоқ, сот шешімінсіз — тексере алмайды. Сіздің өзіңізге қарсы куәлік бермеуге видеоға түсіруге, тоқтату себебін сұрауға және куәлігін көрсетуді талап етуге құқыңыз бар. Дауласпаңыз, бәрін видеоға түсіріңіз — бұл сіздің ең жақсы қорғанысыңыз.

 Сұрақ: «Сергек» камерасынан айыппұл келді, бірақ рөлде мен болмадым. Не істеймін?

 Заңгер жауабы:  Иә, 10 күн ішінде шағымдануға болады. Егер көлікті басқа адам басқарса — оны растау керек. Егер нөмір шатасса немесе камера қателессе — тіркеушінің фото / видеосын қоса беріңіз. Үндемей, төлемей жүру — тіпті жаман, ондай кезде айыппұл екі есе өседі.

 Сұрақ: Мұраға қалған дүниені 6 ай ішінде рәсімдеп үлгермедім. Енді не болады?

 Заңгер жауабы: тырысып көру керек. Себеп дәлелді болса — ауру, білмеу, шетелде тұру — мерзімді сот арқылы қалпына келтіруге болады. Немесе мұраны іс жүзінде қабылдағаныңызды дәлелдеңіз — пәтерде тұрдыңыз, коммуналдық қызметті төледіңіз. Ең бастысы — тағы бір жыл созбаңыз.

    Өмірде адамдар неше түрлі  кедергілерге кезігіп жатады. Егер сіз осындай қиындыққа тап болсаңыз іске кіріспей тұрып, алдымен білікті заңгерден ақыл-кеңес сұрағаныңыз артық болмас. Мынау күйбең тірлікті «басыңыз ауырмай, балтырыңыз сыздамай» жүргенге не жетсін!  

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите