фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі
2026 жылдың 12 наурызында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі суретші Ғани Баяновтың «Aquarelle. Күміс шырақ ұстаған жолаушы» атты жеке көрмесін ұсынады.
Экспозицияда суретшінің шеберханасынан, жеке коллекциялардан және музей қорынан алынған 50-ден аса акварельдік жұмысы қойылды.
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.
Ғани Баяновтың шығармашылығы – ХХ ғасырдың 1970-1980 жылдарындағы «үнсіз кескіндеме» бағытына бет бұрған қазақ өнерінің заңғар биігі. Идеологиялық қалыптан арылған көшбасшылардың бірі ретінде ұлттық мектепті ішкі жан дүние мен нәзік талғаммен байытты. Академиялық негіз бен жеке авторлық поэтиканы шебер ұштастыра отырып, Баянов акварельдің мағынасын жоғары деңгейге көтерді. Ол туған даланың рухын адам жанының күйі арқылы жеткізіп, этнографиялық жадты нұр мен тыныштыққа толы асқақ көркемдік кеңістікке айналдыра білді.
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.
Суретшінің акварельдерін бірнеше топтамаға бөлуге болады. Баяновтың көркемдік жүйесінде «Шырақ» шешуші архетип ретінде көрініс табады: ол қарапайым тіршілік кеңістігін рухани деңгейге көтеріп, күнделікті тұрмысты жоғары мағыналар мен шексіз нұрдың шұғыласына бөлейді. Суретшінің балалық шақтағы естеліктері – оның өнерінің іргесі. Отбасылық ошақ, әйелдер қауымының «күбірі» және керосин шамының жарығы сопылық философиядағы «жан сақтайтын мекен» символына ұласады. Оның палитрасындағы күрделі түстер – қараңғы реңктердің арасына кенеттен енген жарқыл немесе жарық өзіне баурап алатын сиқырымен көрерменді арбайды.
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.
Анықтама: Ғани Баянов 1949 жылы 24 тамызда Қостанай облысы Федоров ауданындағы Қоржынкөл ауылында дүниеге келді. 1973 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдады. 1981 жылдан КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, 1977 жылдан республикалық, халықаралық көрмелердің қатысушысы. 1988-2005 жылдар аралығында О. Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет училищесінде дәріс беріп, өнер жолында өзіндік қолтаңбасы бар көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарды.
Көрме 2026 жылдың 06 сәуіріне дейін дейін жалғасады.
Жұмыс кестесі: 10:00 – 19:00. Демалыс күні: дүйсенбі.
Көрме жетекшісі – С. Мырзабекова
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через