фото: https://www.istockphoto.com/portfolio
Қазақстанда жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағытта 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Құжат балалардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, олардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасауды және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруді көздейді.
Бүгінде елімізде 6 миллионнан астам отбасы бар. Оның шамамен үш миллионы – балалы отбасылар. Осындай шаңырақтарға қолдау көрсету мақсатында республика бойынша 131 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда ата-аналарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес беріледі. Сонымен қатар жауапты ата-аналықты дамытуға арналған онлайн курстар мен «Ата-аналар академиясы» жобасы кеңейтілуде.
Соңғы жылдары балаларды қорғау саласында оң өзгерістер байқалады. Соңғы он жылда жетім балалар тәрбиеленетін ұйымдардағы тәрбиеленушілер саны 54 пайызға азайып, интернат мекемелерінің желісі де қысқарды. Тек 2025 жылдың өзінде үш мыңға жуық жетім бала отбасыларға орналастырылған.
Балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін мектептерде жасанды интеллектке негізделген бейнебақылау жүйелері енгізіле бастады. Бұл жүйелер жанжал немесе буллинг жағдайларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазір мұндай технологиялар еліміздегі 46 мектеп пен 8 балабақшада қолданылып отыр.
Сонымен қатар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін өңірлерде арнайы кабинеттер ашу жоспарланған. Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Балалар қауіпсіздігі терезесі» атты республикалық акция өткізіліп, алдағы уақытта mGov платформасында «Баланың жолы» атты цифрлық жүйе іске қосылады.
Айта кетейік, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 2024 жылы Үкімет шешімімен бекітілген. Құжатта балалардың қауіпсіздігі мен дамуына бағытталған 158 іс-шара қарастырылған.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через