фото: pixabay.com
10 наурызда сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Омран Шейхмустың «Наурыз бояулары» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Көрме экспозициясында суретшінің 60-тан астам кескіндеме туындысы көпшілік назарына ұсынылады.
Омран Шейхмус – күрд суретшісі. Ол 1967 жылы Сирияның Амудaв қаласында дүниеге келген. Алғашқы жоғары білімін Дамаск университетінде алған. Кейін халықаралық алмасу бағдарламасы аясында техникалық мамандық бойынша оқу үшін Мәскеуге жіберіледі. Жолдамамен Алматы қаласына келіп, 1993 жылы политехникалық институтты бітіріп, мұнайшы-инженер мамандығы бойынша диплом иеленеді.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер мұражайы.
Омран Шейхмус – болмысы тұтас өнерге айналған суреткер. Техникалық білім алып, кәсіби жолын өзге салада жалғастырғанымен, жүрегінің төрінен орын алған шығармашылыққа адалдығын ешқашан жоғалтқан емес. Уақытпен санаспай, жылдар бойы кескіндемені өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, өзіндік өрнегі айқын, бір қарағанда-ақ танылатын дара стилін қалыптастырды. Суретшінің көптеген туындылары абстрактілі экспрессионизм бағытына және оның фигуративтік түрлеріне жақын. Ол пастозды (импасто) тәсілді батыл қолданады: мастихинмен баттастыра жағылған қалың бояу қабаттары кенеп бетінде бедерлі құрылым түзіп, шығарманың тынысын сездіреді. Оның картиналарына айрықша эмоционалдық, ішкі серпін мен тосындық тән. Бейнелер мен пішіндер кейде көмескі елес ретінде ғана көрінеді. Олар нақты детальдан гөрі сезім мен ишараға құрылған. Осындай жалпылама шешім көрерменді ойға жетелеп, туындының ішкі ширығуын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Кейбір жұмыстарында көрініс табатын action painting элементтері, яғни бояу шашырату, еркін аққан іздер, қарқынды әрі серпінді қимылға толы жақпалар шығармашылық үдерістің өзіне екпін береді. Мұнда сурет салу сәті тек нәтиже емес, көркем ойдың тікелей куәсіне айналады. Бұл туындыларда түс алдыңғы орынға шығып, сюжеттің шекарасынан асып түседі. Түстердің қақтығысы күрделі эмоциялық күй мен өзіндік көркем ырғақ қалыптастырады.
Бұл туындылар топтамасы сопылық рухани дәстүрді терең пайымдауға арналған. Шығармалардың өзегін шығыстың данагөй қариялары мен жамылғы жамылған жұмбақ әйел бейнелері құрайды. Олар – ішкі рухани жолдың, терең ой мен жан тазалығының көркем көрінісі. Картиналардағы кейіпкерлер нақты даралықтан ада, шартты сипатта берілген. Олар жеке тұлғадан гөрі символдық мәнге ие, рухани тәжірибенің, тыныштық пен терең шоғырланудың бейнелік иелері ретінде бейнеленген. Фигуралардың иірімді пластикасы, бәсең тартқан түстік шешім және жарық пен көлеңкенің жұмсақ дірілі шығармаларға медитативті тыныс, ішкі сұхбатқа толы кеңістік қалыптастырады. Көркем метафоралар арқылы суретші ақиқатқа ұмтылу, үйлесім мен нұрды іздеу тақырыбын қозғайды. Бұл – сопылық философияның өзекті ұғымдары. Себебі сопылық ілімде Жаратушыға бастар жол адамның өз жан дүниесін тануынан бастау алады.
Жекелеген жұмыстарда абстракция мен фигуративтік өнер элементтері өзара астасып, біртұтас көркем кеңістік түзеді. Түстік палитрада көбіне жылы, жер реңдес бояулар, қоңыр, кәріптас, охра, алтын түстес реңктер басым келеді. Олар жарық әрі салқын акценттермен үндесе отырып, ішкі тереңдік пен байсалдылық, философиялық шоғырлану сезімін қалыптастырады.
Омран Шейхмустың шығармашылығы көркем ойдың заманауилығымен, дүниетанымының космополиттік ауқымымен, эмоциялық қанықтығымен және пластикалық шешімдерінің бірегейлігімен ерекшеленеді.
Көрме 2026 жылдың 29 наурызына дейін жалғасады.
Жұмыс кестесі: 10:00 – 19:00. Демалыс күні: дүйсенбі.
Көрме кураторы: Айсұлу Үсентаева
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через