фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі
17 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде суретші-монументалист, график, кескіндемеші әрі сәндік-қолданбалы өнерде өзіндік жаңашыл тілін қалыптастырған Қами Айтқалиевтің «Сан ғасырлық сарын» атты 80 жас мерейтойлық көрмесі ашылады, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы.
Экспозицияда шебердің көпжылдық шығармашылық жолын және оның өзіндік көркемдік тілін көрсететін 60-тан аса туынды ұсынылады.
Қами Айтқалиев – көркемдік ойлауы ауқымды, әртүрлі жанрларды еркін меңгерген, өз стилін қалыптастыруда шектеулерге бағынбайтын суретші. Ол өз шығармаларында дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, кеңістікті және форманы тәжірибелер арқылы зерттейді. Айтқалиевтің шығармашылығындағы түстер мен композициялық шешімдер әрдайым көрерменнің эмоционалды қабылдауын оятуға бағытталған.
Қами Айтқалиев 1946 жылы Атырау облысы, Құлсары қаласында дүниеге келген. Бала кезінен сурет өнеріне қызығушылық танытқан болашақ суретші 1965 жылы Алматы қаласындағы сурет училищесіне оқуға түсіп, кәсіби білім жолын бастайды. 1968-1972 жылдары Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде білім алып, суретшілік шеберлігін шыңдайды.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі
Шығармашылық жолындағы алғашқы үлкен қадамы 1970 жылы республикалық көрмеге қатысуымен байланысты. Осы кезеңнен бастап Қами Айтқалиевтің еңбектері бейнелеу өнері ортасында кеңінен таныла бастайды.
1972-1991 жылдары Алматы қаласындағы Өнер комбинатында еңбек етіп, бүкілодақтық және республикалық көрмелерге тұрақты түрде қатысады. 1979 жылы Қазақстан Суретшілер одағына суретші-монументалист мамандығы бойынша қабылданып, еліміздің бірнеше облысында мемлекеттік және қоғамдық тапсырыстар негізінде ауқымды көркемдік жұмыстар атқарады.
1980 жылы партияның жолдамасымен және Суретшілер одағының тапсырмасымен Гурьев қаласына (қазіргі Атырау) жіберіліп, Көркемөнер қорының филиалын ашу міндеті жүктеледі. Осы кезеңде ол жергілікті суретшілерді бір ортаға топтастырып, тұрақты шығармашылық ұжым қалыптастырады. Қалалық мерекелер мен мәдени іс-шараларға арналған көркемдік безендіру жұмыстары осы шеберханаларда жүзеге асырылып, Атырау өңірінің мәдени өміріне серпін береді. Бүгінде бұл шеберхана Қазақстан Суретшілер одағының бөлімшесі ретінде өз қызметін табысты жалғастырып келеді.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі
Қами Айтқалиевтің шығармашылығы тәуелсіздік жылдарында да жоғары бағаланып келеді. 2014 жылы республикалық мұнай-газ тақырыбына арналған «KazEnergy» байқауында Гран-при және екі ынталандыру жүлдесін жеңіп алады. 2017 жылы Кипрдегі Қазіргі заман өнері музейінің шақыруымен шығармашылық сапар жасап, бірқатар туындыларын дүниеге әкеледі.
2023 жылы «Ұмай» ұлттық өнер байқауында дипломант атанса, 2025 жылы республикалық «Ұлттық құндылықтар» байқауында І орынды иеленеді. 2018 жылы ҚР Суретшілер Одағының 85 жылдығына арналған көрменің ашылуында Әбілхан Қастеев атындағы «Үздік шығармашылығы үшін» алтын медалін алды.
Қами Айтқалиевтің шығармашылығы әрдайым тәжірибе мен ізденіске толы. Автор құрақ құрау, ши тоқу, жүн өңдеу секілді дәстүрлі қазақ қолөнері әдістерін заманауи тұрғыда қолданады. Бұл тәсілдер ұлттық мәдениеттің терең тамырларынан қуат алып, жаңа форма мен мазмұнға жол ашады. Осы арқылы оның туындылары ерекше мәнге ие болып, қазақ сәндік-қолданбалы өнерін жаңаша серпінмен жандандырып, өткен мен бүгінді байланыстырады. Бұл оның «Аңыз ана» (2024), «Жаңбырдан кейін» (2024), «Күту» (2024), «Аңшылар» (2023) атты шығармаларында осы ізденіс пен ұлттық өнерге деген терең құрметті айқын көрсетеді. Әр жұмысында автор табиғатпен, дәстүрмен және адамның ішкі әлемімен үндескен ойлар мен сезімдерді шебер жеткізіп, көрерменді жаңа көзқарасқа жетелейді. Оның туындылары тек қолөнердің ғана емес, сонымен бірге философиялық ой мен мәдениеттің кең өрісін ашады.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Суретші кескіндеме жанрында да өзіндік шығармашылық тілін қалыптастырған. Оның жұмыстарында монохромды бояу шешімдері, сәндік және монументалдық сипат айқын байқалады. Бұл ерекшелік Айтқалиевтің ішкі көркемдік қажеттілігінен туындап, кеңістікпен үйлесімді композициялық құрылым құруға бағытталған. Аталған сипаттар оның «Ет (бешбармақ)» (2021), «Ауылым» (2023), «Көкпар» (2024) атты туындыларынан анық көрініс табады. Ондағы пішіндер мен түстердің пластикалық тіл арқылы өзара үндесуі байқалады. Суретшінің шығармашылығын зерттеу барысында композициялық шешімдерге, түс палитрасына және пластикалық тәсілдердің мәніне ерекше назар аудару қажет. Әр туындыдан ішкі динамика мен эмоциялық экспрессия сезіліп, көрерменге автордың шығармашылық көзқарасын терең ұғынуға мүмкіндік береді.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Көрмеде суретшінің графикалық туындылары да ұсынылады. Олар автордың пластикалық ойлау жүйесін, сызық пен ырғаққа негізделген ізденістерін айқындай түседі.
Суретшінің көптеген еңбектері Қазақстанның республикалық музейлерінде сақтаулы, сондай-ақ жеке коллекционерлердің қорларында да кездеседі. Қами Айтқалиевтің шығармашылығы ұлттық болмысты, тарихи жады мен заманауи көркемдік ізденістерді үйлестіре отырып, қазақ бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Экспозиция наурыз айының 2-сіне дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі – Ақбота Алимхожина,
«Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері»
бөлімінің ғылыми қызметкері
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через